27 жел, 2025 сағат 17:07

«Менің атым Қожа» фильмінің басты рөлін сомдаған актер өмірден өтті

Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі актер, сценарист, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевтың дүниеден өтуіне байланысты ресми көңіл айту жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство марқұмның отбасы мен жақын туыстарына, сондай-ақ барша қазақ халқына қайғыра көңіл айтты. Хабарламада Нұрлан Санжарұлының қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға екені атап өтілді.

Нұрлан Сегізбаев өз ғұмырын шығармашылыққа арнап, ұлттық руханиятты дамыту жолында аянбай еңбек етті. Ол кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол рухани мұра қалдырды. Өнерсүйер қауымға Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлі арқылы кеңінен танылған актер қазақ кино өнеріндегі дара тұлғалардың бірі саналады. Оның экранда сомдаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады.

Министрлік марқұмның жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.

«Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болғай», – делінген көңіл айту мәтінінде.