16 сәу, 2024 сағат 13:28

"Мешіт емес, мектеп сал!": Мешіт салмақ болған Фариза Төреәліге ауыл тұрғындары қарсы шықты

Фото: Фариза Төреәлі

Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы, танымал блогер Фариза Төреәлі Астанаға жақын ауылдардың біріне қайырымдылық мақсатта  мешіт салмақ болған екен жергілікті тұрғындар оған қарсы шығыпты. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасында бөлісті деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Раббымыз бізге мешіт салғызып жатыр! +1 арман. Бұл түсіміз бе әлде өңіміз бе?!.. Үлкен арман. Үлкен мақсат. Үлкен жоба. Ертеңгі тарих. Осы мақсат жұмыс жасауға үлкен шабыт пен жігер берді. Ақиқатында әрбір ризық Алладан болған соң Оның жолында сол ризықты жұмсай алу бір бақыт. Пайғамбарымыз (с.а.с) үмметі, еліміз үшін қызмет ету, дамуына үлес қосу – біздегі миссия. Бұрыннан екеуміз отырып алып "қайырымдылыққа бір күні мешіт, медресе салатындай табыс деңгейіне жетсек ия" деп қиялдайтынбыз. Раббымыз жүректердегі ниетті Білуші, осы күнді нәсіп қылып жатыр. Алда медресе, кітапхана, мектеп және тағы да мешіттер салуға ниетіміз бар.
Құрбан айтқа дейін аяқтағымыз келеді, иншаАлла. Ашылуына БАРЛЫҚ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗДЫ шақырамыз. Бізбен бірге болыңыздар!" -деп жазған екен.


Алайда оқырмандардың көбі блогердің мұнысын құптай қоймады. Олардың бірі: "Завод өндіріс кәсіпорын ашкан дурыс деп ойлаймын" десе, "Мектеп больница жетпей жатқанда неге мешіт салуға кұштар білімнің шыңын бағындырып мемлекетіміз ді көркейтетін жастар керек кәсіп ашып елге көмектесетін" дейді. Оқырмандардың арасында жатахана сал, мектеп сал, суы жоқ ауылдарға құбыр тарттыр деген сияқты кеңестер айтып жатқандар бар.

Фариза Төреәлінің өзі ауыл тұрғындары да өздерінің мешіт салып жатқанын құптамай "сендер кімсіңдер, мешіт салып жатқан" деп наразы болып жатқанын айтып, мұң шақты. 

       

Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде кәсіпкерлерге мешіт орнына мектеп, кітапхана мен аурухана салуды сұрады.

«Өңірлерде өз қаражатына мешіт салып жатқан кәсіпкерлердің шынайы, игі ниеттерін түсінемін. Бірақ жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай, спорт кешендері салынса, мешіт салғаннан кем емес игілікті және пайдалы іс болар еді. Ұрпақтары осындай нақты істерді бағалап, риза болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент жастар арасында белең алған бет-аузын бүркеп, тұмшаланып алатын діни киімдер біздің ұлттық салт-дәстүрімізден алшақ екенін де айтты.