
Astana Media Week 2020 шарасының «Мультиплатформалылық» пленарлық сессиясында Ресейлік «ТАСС» АА бас директорының орынбасары Михаил Гусман ақпарат тарату кезінде қандай мәселелерге назар аударылуы керектігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпараттық мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Өте көп сын-тегеурін пайда болды. Біз өз жұмысымызды жаңа технологиялардың мүмкіндіктеріне бейімдеп, мүмкіндігінше бұл жұмысты бірлесе отырып жүргізуіміз керек. Сын-тегеуріндерге өз жұмысымызбен жауап беруіміз керек. ТАСС агенттігі Ресейдегі мемлекеттік ақпараттық агенттік ретінде барлық танымал платформаларда жұмыс істейді. Телеграм арнадан бастап Ютубқа дейін барлық платформада бармыз. Әйтсе де бұған көңіл тоқ боп отыра беруге болмайды. Заманның жаңа талаптары жаңа сын-тегеуріндер мен қиынды қтарды да әкелуде. Олар жаңаша жауапты талап етеді», - деді Михаил Гусман.
Оның айтуынша қазіргі уақытта ақпараттық салада жұмыс істейтін мамандар аудиторияға қатты ықпал етеді.
«Фейк жаңалықтар туралы айтып жатырмыз. Әлбетте кез келген ондай жаңалықтың артында бір адам немесе топ, тіпті бір мемлекеттік механизм тұруы мүмкін. Мәселе онда емес. Мәселе оған қалай қарсы тұру керек? Жалған ақпараттың ағынында шынайы ақпаратты жалған мәліметтен қалай ажыратып алуға болады? Бүгінгі күні осы жолда «ақпарат кеңістігінде жұмыс істейтіндер табысқа жетті» деп айта алмаймын. Сондықтан, кәсіби әрекеттестік керек. Тәжірибемен бөлісу өте маңызды», - деді ол.
Михаил Гусман қазіргі уақытта тілшілер аудиторияға ақпаратты әртүрлі формада жеткізе алатынын мәлім етті.
«Алайда жалған ақпараттың кеңістігімізге кіріп кетуімен үнемі күресуіміз керек. ТАСС агенттігінің тәжірибесі туралы айтар болсақ, ең басты құралымыз – біздің тілшілерімізге деген сенім. Ел ішінде де, шетелде де жұмыс істесе де тілшілеріміз ең негізгі әрі сенімді ақпарат көзіне айналуы үшін барынша күш салады. Біздің қызмет жаңалықты таратып қана қоймай, ол фактілердің расталуын да қадағалайды. Жылдамдық – ақпарат агенттіктерінің ең маңызды факторларының бірі. Әйтсе де агенттіктің ішінде әріптестермен пікір алмасқан кезде мен «ең алдымен жылдамдықтан гөрі шынайылыққа көп мән берілуі керектігіне» баса назар аударамын. Жаңалықты кішкене кешіктіріп беруге болады. Бірақ ол шынайы ақпарат болуы тиіс», - деген Михаил Гусман 116 жылдық тарихы бар ТАСС агенттігінің ақпарат таратуда басты ұстанатын ережелерінің бірі шынайылық екенін жеткізді.
Айта кетсек, елорадада Astana Media Week 2020 медиа апталығы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиа апталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.
