Фото: iz.ru
Қазақстанда өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау тетіктері жетілдірілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комада жатқан науқастар үшін мүгедектік рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа түзетулер медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және мемлекеттік төлемдерді тағайындау қағидаларына енгізілмек. Негізгі мақсат – артық бюрократиялық кедергілерді азайтып, әлеуметтік қолдау шараларына қолжетімділікті арттыру.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, енді комада жатқан науқастың атынан медициналық-әлеуметтік сараптамаға өтінішті оның жақын туыстары немесе жұбайы бере алады. Бұған дейін бұл рәсімдер күрделі әрі ұзақ уақытты талап ететін.
Жаңашылдық:
– мүгедектік мәртебесін жедел белгілеуге;
– мемлекеттік жәрдемақыларды уақытылы рәсімдеуге;
– әлеуметтік көмекті алу процесін жеңіл әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Мамандар бұл бастама осал топтағы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әлеуметтік жүйенің тиімділігін арттырады деп есептейді.
