04 мам, 2026 сағат 14:06

Павлодарда білім беру қызметкерлерінің деректері ашық жарияланып кеткен

Фото: almatysite.kz


Павлодар облысында білім беру саласына қатысты 2 мыңнан астам қызметкердің жеке деректері ашық дереккөздерде жарияланып кеткен. Облыстық прокуратура бұл заңбұзушылықты анықтап, деректердің таралуына тосқауыл қойды, деп хабарлайды Ult.kz.


Мемлекеттік сатып алу порталында облыс орталығындағы бірқатар мектептердің медициналық тексеру қызметтерін сатып алуға байланысты хабарландырулар орналастырылған. Алайда 28 білім беру ұйымы конкурс құжаттамасына өз қызметкерлерінің сауалнамалық мәліметтерін, тұрғылықты мекенжайларын және байланыс нөмірлерін енгізіп жіберген.


Мамандардың айтуынша, жеке деректердің ашық қолжетімді болуы еңбек заңнамасын бұзумен қатар, алаяқтық әрекеттерге жол ашуы мүмкін.


Прокуратураның қадағалау актісінен кейін 2 065 қызметкердің деректері ашық ресурстардан жойылды. Сонымен қатар, заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Қадағалау органының мәліметінше, қабылданған шаралар заңдылықты қалпына келтіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берген.