Фото: ашық дереккөз
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Құттықтауында министр театрды қазақ руханиятының қара шаңырағы деп атап, ғасыр бұрын «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашылған қасиетті сахнаның ұлт тарихы мен тағдырлы кезеңдерін көркем тілмен жеткізіп келе жатқанын айтты. Осы жылдар ішінде театр сахнасында «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» сынды қазақ драматургиясының інжу-маржандарына айналған туындылар қойылғанын еске салды.
Аида Балаева өнер ордасының Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алғанын, кейін ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілгенін атап өтті. Бүгінде «Ұлттық» мәртебеге ие театрдың әлемдік мәдени кеңістікке нық қадам басып келе жатқанын жеткізді.
Министр театр ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт пен өнер жолындағы жаңа жетістіктер тіледі.
