Фото: Жазушылар одағы
Бүгін «Алматы Кітапханаларына» қарасты №4 кітапхана-бөлімшесіне Мұхтар Әуезовтің аты берілуіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Салтанатты рәсімге Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының немересі – «Дінмұхамед Қонаев халықаралық қорының» президенті Елдар Қонаев, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет пен мәдениет өкілдері, зиялы қауым қатысты.
1974 жылы іргетасы қаланған тарихи кітапханаға ұлы қаламгердің есімінің берілуімен шараға қатысушы зиялы қауымды құттықтаған Мереке Әбдешұлы бүгін шынында да қуанышты күн екендігін атап өтті.
"№4 кітапхана-бөлімшесі – Алматы қаласындағы ең ірі және жетекші кітапханалардың бірі. Кітап қоры 34 000 дананы құрайтын, ал жылдық келушілер саны 350 000-нан асатын кітапханаға Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін беру – руханият жанашырлары үшін үлкен қуаныш. Алматының күре тамыры іспетті Абай даңғылының бойында орналасқан осынау парасат ордасына ұлы қаламгеріміздің есімі берілуі тектен-тек емес деп ойлаймын. Кітапхана ізденіс пен білімнің, даналық пен жаңашылдықтың ордасына айналсын. Оқырмандарыңыз көп болып, еңбектеріңіз жемісті болсын!", - деді Мереке Құлкенов.
Салтанатты шарадан соң аталған кітапхана ғимаратында «Мұхтар Әуезовтің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану институтының директоры Кенжехан Матыжанов жүргізді. Жиын барысында М.Әуезовтің немересі, шығыстанушы және түркітанушы Зифа-Алуа Әуезованың онлайн-құттықтауы тыңдалып, ақын әрі дипломат Олжас Сүлейменовтің атынан қызы Мәдина Сүлейменова сөйледі. Сонымен қатар, кітапханаға Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің жеке кітапханасынан кітаптарды сыйға тарту рәсімі өтті.
Бұған қоса, көрнекті ғалым, археолог және этнограф Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты еңбегінің тұсауы кесілді. Бұл туынды алғаш рет араб тіліндегі түпнұсқадан қазақ және орыс тілдеріне аударылып отыр.
Сонымен қатар кітапханада Мұхтар мен Мұрат Әуезовтерге арналған мемориалдық бөлме ашылды. Рухани сабақтастық пен шығармашылықтың ерекше ордасына айналатын бұл кеңістікте жазушы мен қоғам қайраткерлерінің жеке заттары, сирек кәдесыйлар, үй жиһазының элементтері мен бейнематериалдар қойылған.
