
2021 жылдың 1-тоқсанында жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық акілерін тіркеу рәсімін орталықтандырылған форматқа көшіру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Наталья Пан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заңдылық режимін қамтамасыз ету нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) жобаларына заң сараптамасын және НҚА жобаларына ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, 2020 жылы Әділет министрлігі 37 672 құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізді, оның ішінде: 109 заң жобасы; Президент Жарлықтарының 100 жобасы; Президент өкімінің 3 жобасы; Үкімет қаулыларының 1 130 жобасы; Премьер-Министр өкімдерінің 174 жобасы; орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының 36 156 нормативтік құқықтық актілері. Оның ішінде 12 895-сі тіркелді. 94-і қайтарылды немесе тіркеуден бас тартылды», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның айтуынша, ведомстволық нормашығармашылық мәселесі бойынша сервистік модельді енгізу әзірлеуші органдарға нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу сатысында әділет органдарының ескертулерін жоюға мүмкіндік берді. Мәселен, соңғы екі жылда тіркеуден бас тартудың төмендеуі байқалды. Сондай-ақ қайта қарау нәтижесі, олардың саны тіркеуге ұсынылған жобалардың бір пайызынан аспады.
«Алайда әділет органдарының мақұлдау сатысындағы ескертулері сапасыз пысықталғандықтан, әр жоба орташа есеппен 3 рет қайта қарауға қайтарылды. Бұған тіркелген 12 895 акті куә бола алады. Өйткені келісуге 36 156 НҚА жобалары ұсынылған. Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жобалардың сәйкестігіне ғылыми лингвистикалық сараптама 160 жобаға қатысты жүргізілді. Оның ішінде: заң жобалары бойынша - 113, халықаралық шарттардың жобалары бойынша - 47. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы Президент, Үкімет және Премьер-Министр актілері жобаларының саны 1,1, қайта қарауға қайтарылғандары 2 пайызға азайды», - деді Наталья Пан.
Оның атап өтуінше, пысықтауға қайтарылудың төмендеуі министрліктің мемлекеттік органдардың заң қызметтерімен мемлекеттік органдар жіберген қателіктерді талдау және оларды түзету қажеттілігі тұрғысынан жүргізетін жұмыстарымен байланысты. Сонымен қатар, 2020 жылы мемлекеттік органдар төтенше жағдайды шешуге бағытталған 100-ге жуық нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеген.
«НҚА-ны электрондық тіркеуге толық көшуді қамтамасыз етуді ескере отырып, ведомстволық нормашығаруды одан әрі жетілдіру үшін министрлік жергілікті мемлекеттік органдардың НҚА тіркеу рәсімін орталықтандырылған форматқа көшіру жоспарлауда. Пилоттық жобаның қорытындылары ұсынылған тетікті іске асыру мүмкіндігін көрсетті. Жаңа механизмді енгізу осы жылғы 1-ші тоқсанға жоспарлануда», - деді вице-министр.
