25 жел, 2020 сағат 15:07

«Nur Otan»: Тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін нақты жоспарларды іске асырамыз

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Нұрсұлтан Балабиев Шымкент қаласында орналасқан «Береке-А» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесіп, корпорация ұжымын «Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Аталған Бағдарламаның қала халқының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қорғаудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға, оны көркейтуге, цифрландыруға бағытталған басымдықтары бойынша жол құрылысшыларына егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Жалпы, «Nur Otan» партиясы алдағы бес жылдықта жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттылығының артуына және лайықты жалақысы бар тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне күш салады. Соның есебінен 5 жылда қалада 80 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Сонымен қатар, «Береке-А» корпорациясы мамандануының негізгі саласы – жол құрылысы болғандықтан, Партияның сайлауалды бағдарламасының жолдар мен көлік инфрақұрылымына қатысты басымдығына ерекше екпін берілді.

Жол экономиканың күретамыры болғандықтан, жолдардың сапалы әрі талапқа сай болуы – өңірдің орнықты әрі табысты дамуының кепілі.

«Nur Otan» партиясының мақсаты – жолдардың, қоғамдық көліктің сапасын жақсарту, әуе және темір жол көлігі жолаушыларына ыңғайлы жағдайлар жасау.

Осы мақсатта «Nur Otan» партиясының бақылауымен алдағы 5 жылда мынадай істер қолға алынады:

2020 жылы 65 көшеде және 2 көпірде күрделі жөндеу, 227 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі;

2021 жылы қаладағы топырақ жолдарға толығымен тас төселінеді;

2022 жылы 13 магистральді жол қайта құрылады;

2021-2025 жылдары Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би – Арғынбеков көшелері қиылысындағы 2 үлкен жолайырықтың және 4 көпірдің құрылысы жүріп, іске қосылады;

2021 жылы №1 автожол, Әл-Фараби көшесінің жалғасы, ал 2022 жылы Адырбеков көшесі қайта құрудан өтеді;

2023 жылы Ташкент-Алматы бағытында көлікті өткізу қабілеттілігін арттыру үшін Қонаев даңғылының жалғасы салынады;

2023-2024 жылдары қаланың транзиттік айналма жолдарын толығымен шеңберлеу үшін А-2 айналма жолының құрылысы аяқталады;

2020-2021 жылдар аралығында жаңа әуежай терминалы салынады;

2020-2021 жылдары аралығында темір жол вокзалы қайта құрудан өтеді.


Кездесу соңында жұмысшылар өздерін толғандыратын тұрғын үй, коммуналдық қызмет бағаларының өсуі, жеңілдетілген несиелер жөнінде сұрақтарын қойды.

Н.Балабиев тұрғын үй мәселесіне Партияның ерекше мән беріп отырғандығын, алдағы 5 жылда тұрғын үй құрылысының қарқыны артатындығын жеткізді.

- 2021 жылы Шымкент сити шағын ауданында 60 мың тұрғынға заманауи көпқабатты үйлер мен ойын-сауық орталықтары салынады. 5 жылда 3 млн ш.м. баспана немесе 47 мың пәтер салынады. Осылайша, 3 мыңға жуық көп балалы отбасы мен әлеуметтік әлсіз топтағы 532 азамат баспанамен қамтылады. Сондай-ақ, 5 жылда 250 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтеді. Біз тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін нақты жоспарларды іске асырамыз, - деді үміткер және Корпорация ұжымын 10 қантар күні өтетін сайлауға белсене қатысып, дұрыс тандау жасауға шақырды.

«Nur Otan» – нақты істер партиясы!

Шымкент қаласындағы "Nur Otan" партиясының сайлау қорының қаражатынан төленді.