10 там, 2021 сағат 19:37

Нұр-Сұлтанда «Абай мерейтойы» кітабының тұсауы кесілді


Елордада қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай мерейтойы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті айтулы ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты онлайн дәріс- концертінің аясында «Абай мерейтойы» атты кітаптың тұсауы кесілді.

«Осындай айтулы дата әлемді жайлаған індеттің салдарынан онлайн түрде өтіп жатыр, өкінішті. Дегенмен рухымыз мықты. Абай секілді ұлы ақынның туған күні Қазақстан ғана емес, әлемдік деңгейде аталып өтіп жатыр. Оның дәлелі бүгінгі шараны тек қазақстандықтар ғана емес әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыз тамашалап отыр. Өткен жылы Мемлекет басшының Жарлығымен Абай күні кең ауқымда аталып өтті. Мерейтой онымен біткен жоқ, биыл да жалғасын табуда. Біз де өз тарапымыздан бір кісідей атсалысып жатқан жайымыз бар», - деді «Отандастар» АҚ-ның вице-президенті Мағауия Сарбасов айтулы шарада.

Авторлардың мәлімдеуінше, кітапқа ABAI TV телеарнасының ашылуы, ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, мерейтойлық монеталар мен маркалар, шетелдердегі Абай ескерткіштері, саябақтар, көшелер мен мәдени-ақпараттық орталықтардың ашылуы сияқты мерейтой жылында атқарылған маңызды оқиғалар енген. 

Сондай-ақ, аталған шарада Абай шығармаларының жапон, корей, түрік, ағылшын, қырғыз, португал, араб, итальян, қытай және әлемнің басқа да көптеген тілдеріне аударылып шығатыны айтылды.