30 жел, 2020 сағат 09:03

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жұмысын қорытындылады

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның 2020 жылғы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, депутаттық корпустың жұмысы толықтай Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын, сондай-ақ халыққа Жолдауын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге арналды. 

«Оның ішінде, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту негізгі бағыттардың бірі болды. Қабылданған барлық заңдар халқымызды әлеуметтік қолдауға, елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететіні сөзсіз», - деді Мәжіліс төрағасы. 

Тұтастай алғанда, осы шақырылым барысында Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы, Мәжілістің 1208 мәселе қаралған 186 жалпы отырысы өткен. 

«Осы уақыт ішінде палатаның қарауында 487 заң жобасы болып, оның 432-сі мақұлданып, Сенатқа жолданды. Ал, бүгінгі таңда 391 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды», - деді Н. Нығматулин. 

Оның сөзіне қарағанда, Мәжіліс депутаттары осы шақырылымда (VI шақырылымда депутаттар) 60 заң жобасына өздері бастамашы болды. 

Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Экологиялық кодекс», «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі), сондай-ақ, Кедендік реттеу және Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы алты маңызды кодекс қабылданды. 

«Ерекше айту керек, біздің депутаттық корпус елде қалыптасқан жағдай кезінде де, карантин кезінде өз жұмысын бір күнге де тоқтатқан жоқ. Қайта, заманға сай технологияларды пайдаланып, тиімді жұмыс жасадық», - деді Нұрлан Нығматулин. 

Мәжіліс қызметі барысында халық көтерген нақты мәселелерді шешуге үнемі көңіл бөліп келеді. Осы бес жыл ішінде мәжілісмендер 1150 депутаттық сауал жолдап, тұрғындардан 23 700-ге жуық хат келіп, тиісті жауабы қайтарылған. 

Мұнымен қоса, депутаттар өңірлерді аралап, 17 мыңнан астам кездесулер ұйымдастырып, 1 млн-нан астам адаммен кездесулер өткізді. 

Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің жұмысы ашық та нәтижелі болғанын атап өтіп, заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына парламенттік емес партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылатынын айтып, Мәжілістің жалпы отырыстары, комитеттердің жиындары беделді ақпараттық сайттарда, порталдарда онлайн түрде көрсетілетініне тоқталды. 

Бүгінгі жалпы отырысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы депутаттарға еліміздің заңнамалық базасын жетілдіріп, отандық парламентаризмді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін, заң шығару процесіне белсенді араласқан барлық мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдеріне алғысын білдірді.