11 қар, 2020 сағат 09:50

Нығматулин: Жаңа заң жобасы тұтынушыларды қауіпті тауарлардан қорғауды күшейтеді

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар «Техникалық реттеу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған маңызды құжатты талқылау барысында Мәжіліс төрағасы жаңа заң жобасының салмақты тұстарына ерекше назар аударды. Ол бұл заң жобасының қазақстандық нарықты сапасыз тауарлардан қорғауға бағытталғанын айта келіп: «Ең бастысы, өнім қауіпсіз болу керек. Басқа мәселелерді, мысалы - өнімге маркировка жасау, ол жағдайды кәсіпкерлердің өздері шешетін мүмкіндігі бар. Ол үшін товарды қайтаруға, немесе өткізбеуге жол бермеу керек. Себебі, бұл - кәсіпкерлер үшін өте үлкен шығын», - деп атап өтті. 

Енді осы заң жобасына сәйкес, мемлекеттік бақылау өнімді өткізу сатысында ғана емес, оны еліміздің аумағына әкелгенге дейін жүргізетін болады.

«Жасыратыны жоқ, осыған дейін басқаша болды. Мысалы, кез келген өнімді біз ең алдымен елге кіргіземіз де, содан кейін тексереміз. Қауіпті жағдай болса, сонда ғана анықтау басталады. Енді өнім Қазақстанға кірмей тұрып, мемлекеттік бақылаудан өтеді. Қауіпті жағдай анықталса, бірден ол тауарды әрине, қайтарамыз. Бұл - өте маңызды, өте қажетті қадам. Сондықтан бұл норманы міндетті түрде қолдауымыз керек», - деді Нұрлан Нығматулин. 

Палата спикерінің пікірінше, заң жобасына енгізілген түзетулер тұтынушыларды қауіпті тауарлардан қорғауды күшейтеді.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұрақтарын қойды. 

Еске сала кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының жаңа редакциядағы техникалық реттеу туралы заңды дайындау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.