16 сәу, 2021 сағат 12:48

"Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!.."

Бүгін 64 жасқа қараған шағында аса көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов жарық дүниемен қош айтысты. Қаралы хабарды естіп қалың қазақпен бірге қайғырған қаламгер қауым әлеуметтік желіде көңіл айтып, жоқтау сөзін өлеңмен өрнектеді.

Ұлт порталының редакциясы сол жазбалар мен өлеңдерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отыр.


Қайда ұштың?

Байқатып бір сұмдықтың басталғанын,
Қайда ұштың, қара бауыр Қасқалдағым?
Сен едің арқа сүйер артымдағы,
Қашалған қара өлеңнен тас қорғаным.

Қайғының қалың бұлты әлі қаптап,
Жылжиды алға қарай өмір аттап.
Отырмын қара өлеңді жұбата алмай,
Жылаған дауыс айтып, сені жоқтап.

Асқар тау, байтақ далаң күңіренді,
Жылатып жүрегі бар тірілерді.
Ұрпақпен табыстырып сені іздеген,
Жасайды жетім қалған жырың енді...

Несіпбек Айтұлы


Қазақ әдебиетінде, поэзиясында өзінше мектеп қалыптастырған аз ғана алып ақындардың бірі - Есен-Ғали шайыр Дүниеден өтті деп естіп жатырмыз.

Ол үш тілді еркін меңгерген полиглот, қара сөздің шешені, энциклопедиялық білімге ие, қайраткер азамат еді. Поэзиядан тыс, проза жанрында жазған орнитологиялық шығармаларының жөні бір бөлек-тін. Өмірінің соңына дейін "Жазушы" баспасын басқарып, көптеген жас таланттардың әдебиетке келуіне үлкен еңбек сіңірді, Қазақстан Жазушылар Одағының басшылық қызметінде абыройлы еңбек етті.

Біздің де қабырғамыз қайысып отыр.

Қолдан келер қайран жоқ.

Әулетіне, туған-туыстарына, өлеңсүйер ел-жұртқа қайғыра көңіл айтамын.

Жұмақта нұры шалқығай!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

***

ХОШ БОЛ, АРДАҒЫМ!

Күтпенен жерден Есенғали кетіп қалды... Оны да мына індет алып кетіпті?! Қайырымсыз сұм ажал қазақ жырының бір қабырғасын суырып алды, -- көзімізді бақырайтып қойып!

Адам-Ата--Һау-Анадан бері иісі қазақтан бұған дейін тумаған, енді қайта тумайтын ақын келді де--кетті! Оның орыны енді қазақ жырында ғана емес, күллі әлемдік поэзияның төрінде мәңгі үңірейіп тұратын болады...

Ұлы Мұхаңның (М. Мақатаев): “Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызытын; Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын, -- Туады, туады әлі нағыз ақын! Жыр сөздері жай болып атылғанда, Атылғанда, аспаннан оқылғанда, Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, Жанар пайда болады соқырларға!” - деген ақыны осы еді ғой?!

Хош бол, ардағым!

Арқасында ұлттық рухы шымырлаған қазақ баласының бәріне аза тұтып, көңіл айтамын!

***

Терісіне тер сіңбей,
О да кетті мына жерді жерсінбей.
Біздің ел де қызық ел ғой, жүретін
Жетесізі– жетелісін теңсінбей!

Кетті ол…
Құсын талай қимай ұзатқан,
Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.
Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,
(Жолы болғай!),
Кетіп қалды бұ жақтан.

Сонда отыр ғой Алашыңның асылы.
Алшысынан түсіп күнде асығы.
Онда миын ашытатын ешкім жоқ,
Осында ғой дүниенің пасығы?
Сасығы…

Сыңғырлаған сиқырлы оның күй– іші,
Періште мен періштенің сүйісі!
Келмейді ғой біздің мына мұрынға.
О жақтағы ұжмақтың иісі?

Көп ел бізде дәмелі сол ұжмақтан,
Мағжандарын өз қолымен ұзатқан?!.
…Жүре бермей бір иісті иіскеп,
Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.

Серік Ақсұңқарұлы


 Қош, Ес-Аға!

Айтылмаған сыр қалды,
Жазылмаған жыр қалды.
Айтып-айтпай не керек,
Көтерілмей көлінен
Қасқалдақ тектес ұл қалды.
"Көкмойнақ" өлең шыңғырып,
Қазығында тұл қалды.
Қаламының ұшында,
Сәулелі таңның тұсында,
Ұйыған уыз нұр қалды.
Құлан шабыс құлынын,
Омыртқа бойы жұлынын,
Алпыс үш жыл қызықтап
Қайран да Қазақ бұл қалды.
Әмірі шығар Алламның,
Тағдыры шығар тарланның,
Қайсың бар тұрар орнына,
Қырдағы құба Арланның.
Жараспас оған кім десек,
Таптырмас енді іздесек.
Жатқанда болар қаумалап,
Алдынан шығып Пір Бекет!
Боз жусаның күйінді,
Боз бетеге иілді.
Тағы да, міне, бір ұлың,
Бөзден көйлек киінді.
Ай болып кетіп барады,
Күн болып күліп қарады.
Қаңтардағы бурадай,
Қайыртпай желіп, жарады.
Қозыдай маңырап көгенді,
Жаздырар емес өлеңді.
Көңілі құрғыр босаған
Көсіле берме көп енді.
Қанағат түбі - қайыр-ды,
Шыдамның түбі - шүкір-ді.
Сабыр ет, елім, сабыр ет,
Тұяғы кімнің бүтін-ді.
Жаманат хабар жайылды,
Жай түскендей майырды.
Бір Қаранар жүк артқан,
Бізден көшін айырды.
Күн ауысты түнменен,
Түн ауысты күнменен.
Біз көрген жерде Қазақ жоқ:
"Есенғали кім?!.." деген.

Сабыр Адай


Жалғаннан Есенғали ағам көшті!
Ол дағы нар құлжадай аран кешті!
Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген
Жетектеп жүре берді тәмам көшті...

Уа, көшті!
Көшті деймін Есен ағам,
Сумиып қала барды көсе-ғалам...
Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,
Кісінеп: "Ием қайда?" - десе маған?..

Өткенде ең соңғы рет сөйлескенде: "Сәуірдің ортасында Маңғыстауға жетем ғой", - деп еді. Етегін жаба сала Құдайды жырлап келген шайырдың аузына Тәңір-Тағала салған екен ғой...

Баяғы бозбала шағыңда сонау Сыр бойында жүріп: "Анам маған айтады Маңғыстауын, 360 әулие күңіренген", - деп жырлап ең, Маңғыстауың күңіреніп жатыр таң атқалы...

Сен көктем сайын өлердей сағынып қауышатын құстар жетім қалды ғой, Аға-жаным-ау! Орныңды сипап қалды ғой, жан-көкем-ау!

Таң атқалы аға-бауыр, қарындастарың еңіреніп кетті, Ес-аға! Иран-Ғайып, Несіпбек Дәутай, Ақсұңқарұлы көкелерің, Тыныштықбек, Шәкизада, Ертай, Ғалым Жайлыбай замандастарың, Гүлнәр, Жанат, Гүлімай, Әлия, Бақыткүл қарындастарың, Сәрсен, Бауыржан, Дәурен, Маралтай, Ауыт, Әнуар, Жанат, Ербол інілерің көз шолалары жасқа толып, көңіл-шарамды телегей-теңіз қылды! Сол теңіздің үстінде аққуша самғап сен ұшып барасың, Ес-аға! Келмей қойған көктемнің, кешіккен құстарыңның алдынан қарсы алуға аттандың ба?..

Бақұл бол! Атаң Бекеттің шапағатында бол! Не дейін басқа...

Светқали Нұржан

***

Ақ кемедей ақша бұлтқа шым батқан
Өтті Есағам, кетті Өлең…
Бүгін маған қара хабар тыңдатқан
Телефонды жек көрем!

Жек көремін,
Жағдайым жоқ ұғатын
Аяп, көңіл айтқанды,
Ақындарға қазанама шығатын
Газеттер мен сайттарды.

«Көз жасыңды төге берме сен енді…»
Жұбатады кәрі іңір.
Жазбасыншы «ақын өлді» дегенді,
Оқымаймын бәрібір…

Өзімді алдап, өтірікпен достасып,
Мен отырмын түн ішіп.
Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,
Жылап жатыр бүрісіп…

Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,
Қалғаны – тек бос ұран.
Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,
Айырылып досынан…

Гүлнәр Салықбай

Есенғали қайтқанда

Сәуір самғап енген шақта түстіктен,
Қызыл шоқтай жанып жатыр іш тіптен...
Мен аспанның аһ ұрарын білемін,
Жылағанын көрдім енді құс біткен.

Жеткен шайыр Мырзашөлдің төсінен -
Ей, ұлы жыр, артық туған несібең!
Есенғали деген дегдар қазақтың
Рязандық Есениннен несі кем!

Жүрегінде жатқан жайлап жүз барыс,
Ойхой, қайдам..!
Ондай айбар бізге алыс.
Даңқыңа ешкім таласалмас тіріде,
Өліміңнің өзі ақынға - қызғаныш.

Көшесінде сан қаралы сөз өріп,
Алматының жалын атар өзегі.
Неге үнсізсің?!
"Тілің ғана байланғыр!"
Жыла, жыла, шерлі Есентай өзені!

Бозда, бозда, сыңар өркеш кер үлек!
(Біз де сендей сордан өнген өмір ек...)
Бара жатыр Келінтөбе үстінде
Ай маңырап, жетім жұлдыз мөңіреп...

Сен де жыла, бауыры тас қасірет,
Маңдайыма тамсын көзің жасы кеп.
Менің таңғы түсіме енер ме екенсің,
Уа, Қара өлең! "...Басы жоқ..."

Құмды сүйді, қанаттыны ұнатты,
Мың өксіді, мың булықты, мың ақты.
Бізді қойшы, ұмытшақтау пендеміз,
Жұбатамын құсын қалай жұмақтың?!

Мұрат Шаймаран

 


Естелік айтқым келмейді. Есеңгіреп қалған көңілге ештеңе жұбаныш болмайтындай. Әкемнің қазасындай ауыр. Аспан аласарғандай, қара жер теңселгендей. Көңіл сенбейді, жүрек қан жылайды...

Мына өлеңді осыдан бір ай бұрын уатсаптан жіберген-ді. "Жаңа ғана бітірдім, оқып көрші. Бірақ ешқайда жариялама, ойыңды айтарсың" деді. Жаңа өлең жазса оқып берер Аманхан досы да жоқ, осы бәр сәтті бөлісер жан іздеген шығар деп топшылағам. Компьютерге теріп, суретке түсіріп жіберіпті. Кейін үстінен тағы бір қарайтынын да айтты.

Қазір қайтара оқып отырсам, құдды бір қоштасу жырындай, соңғы өлеңіндей сезіледі. Бәлкім расында соңғы өлеңі ме?!

Ұзын-ұзын көш келер,
Ұзын шұбап бос келер.

Тырналар-ай,
Қиқу салып тарттыңдар қырға қарай.
Сәл ертерек жетсеңдер қайтер еді,
Мынау байғұс жүректі жұлмаламай.

Тырналар-ай, уыз боп тұнған ән-ай.
Мен аңғармай келемін жылда қалай,
Аянышты мына өмір һәм аяулы,
Талдан таяқ таянған "Бір баладай".

Билей келсін бұл көктем тойлай келсін.
Ертең тойды қояды ол, қоймай көрсін.
Мәңгі бірге боламыз деп тұр қазір,
Сенеді деп ойлайды, ә?
Ойлай берсін. 

Көктеменің шын аты арман-елес.
Кетеді ол да, қасымда қалмақ емес.
Сүйем жалған екенін біле тұра,
Не бар өзі дүниеде жалған емес.

Шерхан Талаптың жазбасынан


Суық хабар

Ажалда қақпан да бар, құрық та бар,
Су емес ойпаң жерде тұрып қалар.
Таң атпай ту талақай тарап жатты,
Ес-ағам кетті деген суық хабар.

Сәуірдің сәукелелі ақ таңында,
Шынымен мәңгі ұйқыға батқаның ба?
Құстарың қона алмастан шырылдап жүр
Азалы Алматының бақтарында.

Сәулесі солғын тартып жарықтың да,
Жаза алмай соңғы жырды жанықтың ба?
Ақсүйек Аманханың кеткеннен соң
Жалғанның жармағынан жалықтың ба?

Теңселтіп текті жырдың тұнық көлін,
Сен кеттің, қалам қалды бүгіп белін.
Сұңқардай сыңарынан айырылған,
Өзіңді жоқтап жатыр Ұлықбегің.

Болғанда өрмегі сұм, өңі сайтан,
Күшейген мына дерттің көні қайқаң.
Қанаты қапелімде қайырылған,
Қайғырып, қара өлеңге көңіл айтам!

Әлібек Шегебай


Құс жолымен қайтты ақын

Сәуір болды, тәуір болды демеспін,
Алданбаймын, алдамасын мені ешкім.
Жүрегімде жыр жылайды бүгінде,
Көңілімде бұлдырайды елес күн.

Қапаландым бұл көктемді түсінбей,
Туған жерге оралмады құсым кей.
Өксіп-өксіп өлең қалды-ау бір шетте,
Жан адамға қажеті жоқ мүсіндей.

Өзекті өртер өрттей лаулап түсті іңір,
Қара жерден көкке қарай ұшты нұр.
Жетімсіреп мен де қалам түн кешіп,
Бұлттан ары самғай берсін құс-ғұмыр.

Біздің басқа қайта қонса қашқан бақ,
Жаңа бір саз көл бетінен басталмақ.
Жалқы дәурен қанат қақты мұнартып,
Ол енді ұзап бара жатыр аспандап.
Қайран ағам - қара бауыр қасқалдақ!
 

Асылбек Жаңбырбай


 
***

Қайдан білейін,
ғұмырда бір сәт қуанды ма, әлде кейіді ме,
Қана алды ма елдің мейіріне?!
Ертемен айтып,
ебіл де дебіл еткенің немене біздерді,
Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!

Біз жылағанда сен орамалыңды алып жетпеп пе ең,
Өткен түн қалай текке өткен?!
Ебіл де дебіл ал, жыла енді, 
ал, жыла,
Есенғалиы жоқ көктем!..

Есенғалиы жоқ Алматы!
Шула қайыңдар, 
жыр тілеп,
Шулаңдар таулар, дүниенің жанын сілкілеп,
Қайсыңа барып көңіл айтайын,
беу, дүние-ай,
Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!

Өлеңнен бүгін құстар ұшады қаңқылдап,
Аспандайды олар даңқыңды ап,
...Қарайлауменен қалған да өмір өтеді-ау, көке,
енді бұл,
Қайсыбір тұстан шыға келер деп жарқылдап...

Ерлан Жүніс


Аза-нама

Есағам да кетті өмірден,
Өмір сенде не қалды?
Бізді қойшы, жұбанармыз, келген құсқа обал-ды.
Бір тақсірет түс екен бұл,
Дүниенің алдынан,
Алтын дәптер, күміс қалам жоғалды.

Құс біткеннің жоқтау әні – көк ала аспан,
Қара жер –
Қара жерде қаралы көш, қаралы ел.
Құстың пірі – Есенғали –
Құс секілді бейкүнә,
Құс секілді жаралы ер,
Қайда кеттің, құс біткенді сыңсытып,
Түс көріп ем, түсім менің шым-шытық.
Қайда кеттің, Маңқыстауды күрсінтіп,
Ыршығыңның ащы жасын ыршытып.

Құс тұмсықты қаламыңа тұнып қалды сыя мұң,
Бозторғайы боздап қалды кеудемдегі ұяның.
Домбырамның шегі үзілген секілді,
Күмбірлеп кеп, кілт үзілді күй ағын.

Достарыңа көңіл айтам, құс көңілі қаралы,
Қазағыңа көңіл айтам, жаны да оның жаралы.
Құс біткенді аман-есен Алматыға қондырып,
Құстың пірі – Есенғали, өзі ұшып барады...

Жанат Жаңқашұлы

***

Қазір жаңбыр төгеді қара да тұр,
Көз жасына малшынып дала да, қыр.
Әуенінен жаңылып құс біткен кеп,
Қиқу салып әр тұста қалады ақыр.

Тұр ғой әзір түк сенбей, шерге езілмей,
Шын ақын-ды Алматы ол да өзіндей.
Сәлден кейін Алатау өксіп бастар,
Қос иығы селкілдеп еңгезердей.

Өкінішке сенбеді ол әл-әзір,
Қамсыз тұр-ау, қайран қап, қала қазір.
Сәлден кейін өкіріп қоя берер,
Жоқтау айтып,
Төгілтіп далаға жыр.

Сұрғылт бояп қаланы, тауды бір өң,
Сеңдей соғып, баурымдап барлығымен,
Ақ жаңбырға малшынып,
Сенделерміз
Сәуірдің жаңбырымен,
Абай даңғылымен…

Асылан Тілеген