17 мам, 2021 сағат 12:21

"Олжас Сүлейменов - әдебиеттің таңғажайып феномені" - Алматыда конференция өтіп жатыр


Алматыда көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтың 85 жылдығына арналған «Танып – біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениетттерді жақындастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Конференцияның мақсаты - Олжас Сүлейменовтің өміріндегі әдеби, ғылыми және қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтарды түсіну және зерттеу. 

Шара барсында мерейтой иесі Олжас Сүлейменов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтады.

«Келіңіздер, бәріміз бірге сәлем жолдайық және туған күнмен құттықтайық!», - деді ақын.

Кейін конференцияның барлық қатысушылары Олжас Сүлейменовті мерейтойымен құттықтады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, университет ректорлары, профессорлар, ақының достары мен әріптестері.

Конференцияда 3 сессия жұмысы жоспарланған. Оның аясында Олжас Сүлейменовтың өмір жолындағы негізгі бағыттарын және оның адамзат тарихындағы рөлін ұғыну және зерттеу ұсынылады:

1 сессия – «Олжас Сүлейменов: планетарлық поэтика». Сессия аясында Олжас Сүлейменовтың әдеби феномені мен поэзиясын ұғыну.

2 сессия– «Сөз коды: тарих және лингвистика». Сессия аясында Олжас Сүлейменовтің тарихи-лингвистикалық тұжырымдамасын және оның перспективаларының дамуын талқылау.

3 сессия – «Тауды аласартпай, даланы асқақтату». Сессия аясында Олжас Сүлейменовтың еліміздегі және әлемнің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін түсіну.

Аталған шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы» (2013-2022 жж.) аясында Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Олжас Сүлейменов – XX-XXI ғасырлардағы аса көрнекті ақын, бүкіл әлемге өзінің поэзиясымен ғана емес, қоғамдық-саями қызметімен де танымал тұлға. Олжас Омарұлы әр жылдары ҚазКСР Жазушылар Одағын басқарып, Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, көп жыл бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1995-2001 жылдары аралығында ҚР-ның Италия, Греция, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2001-2014 жылдары – Қазақстанның ЮНЕСКО- дағы Тұрақты өкілі болды.

Олжас Сүлейменовтің поэзиясы-әдебиеттің таңғажайып феномені. Ақынның өмірбаяны мен өміршеңдігі авангард поэтикасын, дала мотивтері мен техногендік дәуірдің космизмін, мәдениеттердің диалогы мен диалектикасын – біріктіреді. 

Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, венгр, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да тілдерге аударылған.