10 жел, 2020 сағат 16:07

Онкологиялық ауруда шекара жоқ – венгриялық дәрігер

«Қазақстан онкологиясы. Кеше. Бүгін. Ертең» халықаралық конференциясының ашылуында Орталық-Шығыс Еуропа онкология академиясының президенті Золтан Матрай іс-шараның маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігердің айтуынша, онкология саласындағы бұл конференция кәсіби білім мен тәжірибені кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Біздің Академия өткен жылдың маусым айында құрылды. Академияны Шығыс Еуропа елдері қолдады. Оның басты мақсаты - онкология саласындағы кәсіби деңгейді жақсарту және елдегі онкологиялық емдеудің тиімділігін арттыру, мамандардың халықаралық тәжірибесін жинақтау. Сондай-ақ, қатерлі ісік ауруларының алдын алу, диагностикалау, емдеу және зерттеулер саласына күш салу», - деді ол.

Сонымен қатар, қазіргі кезде онкология маңызды проблемаға айналғанын атап өтті.

«Онкологиялық ауруда шекара жоқ. Әр елде жағдай әртүрлі. Бірақ мақсат біреу - бәріміз бұл аурумен күресуіміз керек. Мен танымал қазақстандық онкологтармен әріптестік қарым-қатынас орнатқанымызға ризамын. Мен үшін бұл конференцияға қатысу үлкен мәртебе. Шара барысында тәжірибе алмасып, білімімді жетілдіремін деп ойлаймын. Болашақта біз онкологияны зерттеу саласында бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыра аламыз деп үміттенемін», - деді Золтан Матрай.