
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы барысында қоғам пікіріне кімдер және қалай сауалнама жүргізе алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық сауалнама жүргізуде кемінде 5 жылдың тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізе алады. Олар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып, жүргізуге құқылы», - деді Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық сауалнама жүргізілетін өңірлер, талдау жұмысының амалдары жайлы мәліметтер көрсетілуі керек.
«Қоғамдық сауалнаманың нәтижесін жариялаған БАҚ сол сауалнаманы жүргізген заңды тұлғаның есімін, сауалнаманы кім жүргізіп, оған кімнің тапсырыс бергенін, сауалнама жүргізілген уақытты, мәліметтерді жинау әдістерін, сауалнамаға қатысқандардың санын атау керек», - деді ол.
