24 жел, 2020 сағат 09:57

ОСК сайлауда КХА атынан депутаттыққа үміткерлердің шығындарын бекітті

Орталық сайлау комиссиясы сайлауда Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан депутаттыққа үміткерлердің бюджет есебінен жабылатын шығындарын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сайлау заңнамасына сәйкес, мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. Қаулыға сәйкес, БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін үміткерге қаражат бөлу көзделген. Қаражат мына мақсатта бөлінеді: теледидарда - 15 минут, радиода-10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда екі мақала жариялау үшін - 0,1 баспа парағынан артық болмауы керек», - деді бүгінгі отырыста Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина. 

Оның айтуынша, сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығындары, Орталық сайлау комиссиясы белгілейтін мөлшерде көлік шығындары өтеледі. 

«Ортсайлауком мүшелері ҚХА мүшелері дауыс беретін Мәжіліс сайлауында республикалық бюджет қаражатынан өтелетін кандидаттардың шығындар мөлшерін белгілеу туралы қаулы қабылдады. Қаулыда кандидаттың 870 000 теңге көлемінде, оның ішінде: теледидар мен радиода бағдарламалармен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялауға - 590 000 теңге сомасында, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға - 130 000 теңге сомасында, көлік шығыстарына - 150 000 теңге сомасында шығындар белгіленген», - деді ол.