26 мам, 2022 сағат 15:39

"Осы Оскарыңыз болсын". Киногерлер Асанәлі Әшімовке ерекше сый жасады


8 мамырда театр және кино саласының саңлағы Асанәлі Әшімов 85 жасқа толды. Осыған орай "Қазақфильм" киностудиясында салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Шарада актерге киностудия өкілдері түрлі сыйлық жасады. Оның ішінде Асанәлі Әшімовтің фильмдері жиналған флешка бар. Сыйлық сырты кітап тәріздес жасалған. 

Кейін Ақан Сатаев "өмірде де, өнерде де аттан түспеңіз" дей келе киногерлердің атынан асылтұқымды тұлпар сыйлады. 

"Арабтың үш жасар арғымағы. Есімі - Оскар. Осы Оскарыңыз болсын. Бізге жол сілтеп, үлгі көрсетіп жүре беріңіз", - деді режиссер. 

Асанәлі Әшімов - Кеңес Одағының және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері. Оның кинодағы Бекежан ("Қыз Жібек" фильмі), Шадияров ("Атаманның ақыры"), Мәмбет ("Сарқырама"), Қасымханов ("Транссібір экспресі)", Кемел ("Нан дәмі"), Нұрғазы ("Алатаудың ай мүйізі"), Қаражал ("Жаушы"), Шыңғыс хан ("Бұлғар даласынан ескен жылы жел") рольдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Асанәлі Әшімов режиссер ретінде кең танымал.