
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Уәкілетті органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында кәсіпкерлікті ынталандыру туралы енгізілетін үшжақты келісімдер ерікті негізде іске асырылады. Келісімде тауарлардағы жергілікті мазмұн бойынша міндеттемелер көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар соның аясында тауарларды сатып алудың реттелетін тәртібі нормаларын қолданбай тауарлар сатып ала алады», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, бұл шара тауарларды сатып алу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өнім берушіні таңдау кезінде шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.
Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне тиісті түзетулер енгізіледі.
«Қабылданып жатқан шаралар болашақта отандық өндірісті ынталандыру үшін жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы жобасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп жатыр», - деді министр.
