Фото: ҚР ІІМ
Алматы қаласы мен облысында есірткі таратумен айналысқан бірнеше «отбасылық топ» әшкереленді. Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі жеткізу арналары мен олардың таралуын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта есірткі қылмысына жақын туыстардың тартылу деректері көбейіп, «отбасылық схемалар» қалыптаса бастаған.
Алматы қаласында екі ағайынды шамамен 1 келі синтетикалық альфа-PVP тасымалдау кезінде қолға түсті. Бұрын сотталған ағасы інісін қылмысқа тартқан. Ұстау кезінде олардан қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Ал Алматы облысында тағы бір ағайынды ұйымдастырған фитозертхана жойылды. Жалға алынған үйде кейін сату үшін марихуана өсірілген. Полиция 61 келіге жуық өнім беретін 102 түп өсімдікті, сондай-ақ арнайы жабдықтарды тәркіледі.
Сонымен қатар Алматы тұрғыны әпкесінің сенімін пайдаланып, оның пәтерінде есірткі қаптаумен айналысқан. Ұстау кезінде 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон табылды.
Жалпы, сәуір айының алғашқы он күнінде заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 800 келіден астам синтетикалық түрлері тәркіленген.
Барлық күдіктілер қамауға алынды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері үш тоннаға жуық есірткінің заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойылған.
