ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов ҚР Парламенті мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімшілік Басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас ғимаратында орналасқан 110-сайлау учаскесінде дауыс берді. Жалпы 110-учаскеде 2606 тұрын тіркелген.
Учаскеде барлық санитарлық талаптар сақталған және кіреберісте дене қызуы өлшеніп, тегін бетперде мен қолғаптар таратылады.
Еске сала кетсек, конституциялық мерзімге сай өткізгелі отырған Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» қатысып жатыр.
Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылады.
