20 жел, 2020 сағат 17:58

Профессор: Коронавирустан емделу үшін үрей мен депрессияға берілмеу керек?

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов коронавирустан емделгісі келетін адам ең алдымен үрей мен депрессияға берілмеуі керектігін ескертеді. Оның айтуынша, тиісті ем-доммен қатар адам көңіл-күйін түсірмесе, ауруды еңсеру мүмкіндігі арта түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың қалай өтіп бара жатқанын көріп отырсыз. Қаншама адам вирус жұқтырып, індеттен қаншама адам көз жұмды. Аурудың азабынан әлі біржолата құтылған жоқпыз. Сол себепті мына жайларға әлі де баса назар аудару керек. Ең алдымен, коронавирусты ағзаға енгізіп, яғни жұқтырып алудан сақтанған жөн. Ал егер коронавирус жұқтырып алсаңыз, оның ауыр әсерін болдырмау керек. Ең маңыздысы осы. Ақ халатты абзал жандар бұрыннан ескертіп келеді: эпидемиологиялық режимді қатаң сақтау керек. Екіншіден, коронавирустың адам ағзасына енгеннен кейін әсер ету жолдары бар. Көпшілік оны біле бермейді. Соған байланысты ешқандай асқыну болмау үшін аурудың алдын алу керек. Үшіншіден, ауырған адамдарды дұрыстап сауықтыру керек. Ол өте күрделі әрі мазмұнды жұмыс. Вирусты еңсеру үшін ең біріншіден адамның көңіл-күйі көтеріңкі жүруі керек, өйткені депрессия мен үрей онсыз да ауырып тұрған адамның еңсесін тіпті түсіріп, ағзасын әлсіретіп жібереді», - дейді Ерболат Дәленов ҚазАқпарат тілшісіне. 

Профессор елімізде коронавирус жұқтырғандардың бестен төрт бөлігі ауруды жеңіл көтергенін айтады. Қалғаны орта және ауыр дәрежеде өткеріп жатыр. 

«Коронавирусты жұқтырып, ауырып, емделгендер арқаны кеңге салмауы керек. «Иммунитет пайда болды, қорықпаймыз» деп отыра берген жөн емес. Ең алдымен дұрыс тамақтану керек. Қазір коронавирустың ең бір әсері – адам ағзасына енген соң қылтамырлардың ішкі қабатына кіріп, сол жерде қабыну процесінің өршуінде. Қылтамырлардың көбі өкпеде. Өкпе қабынса коронавирус инфекциясы сурфактант қатпарын құртады. Ол майлы қатпар. Өкпеге май керек. Ерте кезде біздің халық туберкулез немесе тұмау кезінде қойдың құйрығын шыжғырып берген, қымыз ішкізіп, борсықтың майын ішкізген. Өкпе – көптеген гармонның депосы. Сондықтан өкпе дұрыс жұмыс істеуі үшін май керек», - дейді Ерболат Дәленов.