24 ақп, 2025 сағат 13:46

"Психикалық жарақаттарын зерттейді": Ғабит Мүсірепов пен Раиса Мұхамедиярованың махаббаты театрда сахналанды

Фото: театр баспасөз қызметі

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақпанның 21-22 күндері «Раечка» қойылымының премьерасы өтті. Қойылым Ғ.Мүсіреповтің Раяға жазған хаттары негізінде сахналанған, деп хабарлайды Ult.kz.

Шығарманың авторы – драматург Ольга Малышева, ал қойылымды сахналаған режиссер – Карина Бесолти. Басты кейіпкерлерді талантты әртістер Жомарт Зейнәбіл, Анар Әділова, Аида Жантілеуова және Шұғыла Ешенова сомдады.

Режиссер Карина Бесолти қойылымды синтетикалық театрға жатқызатынын айтады, себебі онда деректі театрдың элементтері (хаттар), драма, пластикалық театр және постдрамалық театр элементтері үйлесім тапқан.

"Әртүрлі медиумдардың синтезі әсерлі әрі көпқырлы көркем туындыны қалыптастырады", - дейді Карина Бесолти.