Фото: ҚР МАМ
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында «Шеңбер» атты жаңа қойылым көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл қойылым әйгілі неміс драматургі Бертольт Брехттің әлемдік театр классикасына айналған «Кавказдағы борлы шеңбер» пьесасының желісімен сахналанды.
Qalleki театр лабораториясының бұл туындысы театр сүйер қауымның қызығушылығын оятып, ерекше ықыласқа бөленді.
«Шеңбер» – адамгершілік, әділеттілік және ана махаббаты секілді терең тақырыптарды қозғайтын қойылым. Эпикалық драма жанрында қойылған спектакль көрерменді сан түрлі сезімге бөлеп, уақыт пен кеңістіктің шекарасынан тыс адамзаттық құндылықтарды ой елегінен өткізуге шақырады.
Қойылым барысында Брехттің оқшаулану әдісі қолданылған, бұл актерлік ойын мен көрермен арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейде ұғынуға мүмкіндік береді. Спектакль көрермен жүрегін тербеп, адамгершілік пен әділеттілік туралы терең ойға жетелейді.
«Шеңбер» – тек театр өнерін бағалаушылар үшін ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарға бей-жай қарамайтын кез келген көрермен үшін ерекше әсер қалдыратын қойылым.