02 жел, 2021 сағат 19:24

Qazaqstan телеарнасы түсірген 6 тарихи сериалдың таныстырылымы өтті


Kazmedia орталығында Qazaqstan телеарнасы түсірген 6 тарихи сериалдың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Qazaqstan телеарнасы киносүйер қауымға ерекше сый жасамақ. 

Соның аясында «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларының таныстырылымы өтті. 

Айтулы шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, кино және журналистика саласының өкілдері қатысты.

Таныстырылым алдында сөз алған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов тарихи сераилдардың Тәуелсіздік тойының қарсаңында көрерменге жол тартқанын еске салды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақтың рухының да, намысының да, тілінің де, ділінің де өскенін әлем көрді. Бүгін тұсауы кесіліп отырған туындылар осы Тәуелсіздіктің бір үлкен нәтижесі деп айтсам артық емес қой деп ойлаймын. Сырттан алынған ештеңе жоқ бұл жерде. Бұл – біздің нақты өміріміз. Бұл – біздің нақты тарихымыз. Қазақ баласының басынан өткен қиын кезеңдер де сипатталғанын өздеріңіз байқап отырсыздар. Мысалы «Тәшенев. Тайталас» фильмінің астарында қандай саяси мәселе жатқанын бәріңіз жақсы білесіздер. Оны халық та біледі. Бірақ соны жеткізіп айтуымыз керек. Тарихи сериалдарға басымдық берілуі тегін емес. XVII ғасырдағы, XIX ғасырдағы қазақ даласының, қазақ баласының басына түкен күрделі кезеңдерде жол тауып, елді алға сүйреген азаматтардың тұлғасын ашып көрсету – үгінгі буынның парызы», - деген вице-премьер Qazaqstan телеарнасының ұжымы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыс білдірді.

«Біздің Ақпарат министрлігі керемет жұмыс жасады деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының алдында осындай құнды дүниелерді халықтың алдына шығарып, елімізге көрсете алсақ, халықтың жүрегіне жете алсақ, үлкен жеңіс қой деп ойлаймын. Сол жолда үлкен қадам жасалды. Әр түрлі ойлар, пікірлер болуы мүмкін. Дегенмен халықтың ойы бір жерден шығатынына сенемін. Неге десеңіздер, нақты тарихи сәттерімізді шамамыз келгенше елге жеткізуге міндеттіміз. Солай болатынын менің ешқандай күмәнім жоқ. Көрермендер де өз бағасын бере жатар», - деді Ералы Тоғжанов.