15 ақп, 2024 сағат 14:28

Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропадан тарихи мұралар қайтарылады – Министр


Фото: Виктор Федюнин / Kazinform


Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар елінен тарихи құнды мұраларды қайтару жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.


«Біз мәдени нысандарымыздың жай-күйін барынша жөндеп, лайықты деңгейге шығаруымыз керек. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жасалады. Қазірге дейін еліміздегі 3 музейдің ғимаратымен қатар ішкі экспозициясын заман талабына сәйкес модернизациялау көзделген. Ұлттық музей жанынан ұлтымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін құндылықтарымыздың өміршеңдігін сақтап қалуға жағдай жасайтын ауқымды реставрация орталығы құрылады. Өйткені, бұл тарихи мұраларды қалпына келтіру, қорғау, насихаттау үшін маңызды», - деді А. Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.


Сонымен бірге олардың ішкі мазмұнын байытуға ерекше көңіл бөлінеді.


«Сондықтан алыс-жақын шетелдердегі біздің тарихи құнды мұраларымызды қайтару министрліктің басты назарында болмақ. Кезінде түрлі тарихи жағдайлармен шетел асқан ұлттық байлығымызды отанға оралту басым бағыт болып қала береді. Әрине, бұл жұмыстар халықаралық заңнамаға сәйкес жүргізіледі, әйтсе де біз бүгінде Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар елімен тиісті жұмыстарды бастап кеттік», - деді министр.