25 мау, 2021 сағат 17:15

«Сәлем, Елорда!» өнер шеруі мәресіне жетті


«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі өз мәресіне жетті. ҚР Ұлттық кітапханасында өткен отырыста өнер шеруінің жетістіктері қорытындыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиында вице-министр Нұрғиса Дәуешов өңірлердің өзара қарым-қатынасын арттыра түсетін «Сәлем, Елорда» сынды республикалық шаралардың ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге жеткізу қажеттігін атап өтті. 

«Жоба аясында өңірлерден келген мәдениет қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдады. Бұл шаралар еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған әріптестеріміз үшін мүмкіндіктер алаңына айналып, олардың рухани толысуына септігін тигізді», - дейді вице-министр. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі биыл офлайн форматта Алматы облысы мен Алматы қаласындағы өнер ұйымдарында өтті.

Фестивальдің мақсаты – өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. 

Сонымен бірге, өнер шеруі аясында ұлттық құндылықтар ұлықталып, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді биыл республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтылды. 

Жобаны «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» үйлестіруде. 

Осы орайда Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы өз сөзінде осындай ірі жобаларды тек үлкен қалаларда ғана емес, өңірлік мәдениет ұйымдарында да өткізу маңызды екенін айтты.

«Биылғы «Сәлем, Елорда!» өнер шеруіне 20 өңірлік мәдениет ұйымы қатысты. 

Жоба барысында әріптестерімізге түрлі бағыттағы кәсіби шеберлік сыныптары, танымдық мәні зор іс-шаралар мен озық үлгідегі концерттік бағдарламалар ұсынылды. Өнер шеруі аясында 22 шара, оның ішінде 9 мастер-класс, семинар-тренингтер мен практикум сабақтар өтті. Шеберлік сыныптарында мәдениет саласындағы менеджмент, музыкалық театрлардағы режиссураның ерекшелігі, дыбыс және жарық операторларының қызметі, HR мәселелері сынды тақырыптар қамтылды. Өнер шеруі енді жыл соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гала-концертпен аяқталады»,- деп атап өтті Жеңіс Сейдуллаұлы. 

«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен «Асқақта, армандардың Алатауы!» атты гала-концертпен аяқталды.