21 қаң, 2025 сағат 16:14

Санжар Керімбай: «Қазақтың беташарындай беташар көрмедім»

Фото:  «Отбасы хрестоматиясы» жобасы сайтынан

Беташар  – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Бұл туралы Ult.kz тілшісі «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбаймен әңгімелесті.

Беті ашылатын жаңа түскен келінге беташар жыры арқылы ата-енесін, үй-ішін таныстырады, әрқайсына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай дәл қазақтың беташарындай беташар әлі көрмегенін, тіпті естімегенін айтады.



Фото: kurmangazy.astr.muzkult.ru


«Өзім дәл біздікіндей беташарды әзербайжандардан немесе түріктерден көрген жоқпын. Алтын орданың кезінде, жалпы қара шаңырақта қазақтар қалып қойған. Оның үстіне ғалымдар көшпенділердің салт-дәстүрлерін дінге бейімдеп алып қалумен Қожа Ахмет Ясауи айналысты дейді. Түркістан да Қазақстаннан топырағында қалып кеткеннен кейін оның ықпалы, мәдени әсері Қазақстанда қалды деп ойлаймын.

Себебі өзбектерді көрдім, бірақ өзбектер тәжіктермен араласып, парсы тілді ұлыспен сапырылысып кеткеннен кейін бұларда бұл дәстүр сақталмаған сияқты. Сайрамда тұратын өзбек достарым келін алғанда шақырған, мен бардым. Оларда сәлем салғанда біздегідей арнайы бүкіл елді атап шығып, әруақтардан бастап бәріне сәлем салдырып отырмайды. Мазмұндық, эстетикалық, философиялық жағынан аса бір терең көрінген жоқ. Онымен салыстырғанда қазақтардың беташарының формасы әдемі қалыптасқан, келе салып шымылдыққа отырғызу, келінді көрсетпеу, ертеңіне елдің игі жақсыларының алдына шығару, сосын әруақтардан бастап иіліп сәлем салдырып, бәріне тағзым еткізу, ең соңында ақсақалға бата бергізіп барып, енесінің бетін ашуы дегеннің бәрі әдемі салтқа құрылған», – дейді Санжар Керімбай.


Спикердің сөзінше, ол Түркия мемлекетінде тұрып, түріктердің келін алуын көрген. Айтуынша, түркітерде де, өзбектерде де қазақтыкіндей беташар жоқ көрінеді.


«Түркітердің де, өзбектердің де тойына қатысып көрдім, ондай беташар болмайды. Әзербайжан, қырғыздардікін көрген жоқпын, бірақ оларда осындай бар деп те естімедім. Видеосын да көрмедім. Соған қарап, дәл біздекісі Ислам дінімен байланысқаннан кейін, мазмұндық жағынан алғанда, сәлем салып тұрған кезде беташардың жырын Адам ата Хауа анадан бастайды. Пайғамбарға он салауат айтқызады. Сондықтан біздегісі Құранмен суғарылған, Құран философиясымен байытылған түрі деп ойлаймын.
Мен соңына түсіп зерттейтін этнограф, мен оның қиссасын табуға тырысамын. Көпшілік «Салт дәстүр сөйлейді» кітабын оқыған шығар деп үміттенемін. Онда егжей-тегжейлі жеткізеді, не үшін Хауа ананы жаратты, не үшін әйелдің денесі майысқақ, ер адамның денесі неге ірі болады, еркек неге косметика пайдаланбайды, неге әйел адам косметикаға тәуелді болады, сосын «бір көргеннен ғашық болу» деген инстинкт қайдан пайда болды, Хауа ана неге иіліп сәлем салды, ол кезде ата-енесі жоқ еді деп бәрін тарқатады. Танысайық дегенде үш қадам артқа берді, өзің кел деді деп иба-әдептің бәрін толтырып тастаған беташардың қиссасына. Меніңше, бұл тек қазақтарда ғана бар. Бұл таза көшпенділердің ғұламалары ойлап тапқан қисса деп топшылаймын», – дейді Санжар Керімбай.


Спикер өркениет мен мономәдениеттің маңызы арқылы адамзаттың мәдениетін барынша алуантүрлі қылып көрсету тиімді екенін атап өтті.


«Мәдени алуандылықтан арылған сайын адам біртектілікке кетеді да, біртектілік мономәдениет адамды жалықтырып жібереді. Адамның өмірге деген құлшынысы түсіп кетеді. Бардық жерде коко кола ішіп, барлық жерде рэп билей бергеннен кейін, ол жерде адамның мәдени құндылықтарды өндіруі қабілеті көрінбей қалады. Адам тек қана газды сусын ішіп алып, болмаса наркотик шегіп алып, рэп билей беретін жынды сияқты көрініп қалады.
Эстетикалық жағынан да, философиялық жағынан да бай мазмұнға ие нәрселерді алып қалып, адамзаттың бір құндылығы ретінде ұстап отыру керек. Егер оның бәрін жоя беретін болса, онда ірі компаниялар бәрін талқандап тастайды ғой.
Жалпы адамзаттық құндылықты сақтап қалу керек, адам біртекті болмауы керек, адамзат өзінің жүріп өткен тарихында өндірген қаншама мәдени құндылықты ысырап қылмау керек, аяқ асты қылмау керек деп ойлаймын», – дейді С.Керімбай.


Оның сөзінше, бірақ Қазақстан қоғамы үшін бұл қалай болады дегенде маңызды бірнеше мәселе бары жасырын емес. Өйткені, Қазақстандағы адамдардың өмір сүруге деген құлшынысының коэффициентін түсірмеу керек.


«Бүгінгідей ағылшын тілі мен математиканың, ІТ-дің мәдениеті күшейген заманда Қазақстандағы адамдарды, қазақтарды мәдени қалыптасуынан айырып, сосын қуыс кеуде дертіне ұшыратады. Салт-дәстүрмен қоса айтылып отыратын шежіресі, қиссасы, аңызы бірге жүріп отыру керек. Егер бұл салт дәстүрдің бәрін тәркілей берсе, аяқ асты қыла берсе, Қазақстандағы адамдардың өмір сүруге деген құлшынысының коэффициенті түсіп кетеді. Біздегі маңызы осындай. Қазақстан ұлттық мәдениетін, философиясын, мазмұнын жарқыраған эстетикалық бай тұтып, төгіліп, жарқырап тұрған бейнеде үлкен сахнадан, теледидардан, күнделікті өмірде, мектепте іс-шараларда көрмегеннен кейін өзін дамымай қалған ұлт сияқты қор сезінеді да, көрінгенге еліктеу содан шығады негізінде. Ал өзінің бай мәдениетіне малынып өскен, қанып өскен адамдар тіпті орысқа да, ағылшынға да қызықпайды. Мысалы, мәдениетке малынып өскен ғалымдар Қаныс Сәтбаев болсын, Өзбекәлі Жәнібеков болсын, оларды қызықтырмайды. Германияға шақырып жатыр ма, Ленинградта оқып жатыр ма, өзінің домбырасын арқалап, жүрген жерінде өзінің мәдениетін паш етіп жүре береді, біреуге жұтылмайды.
Сондықтан бұл мәдени құндылықтардың барлығын тиімді насихаттап, дамыта алатын болса, онда болашақта қазақтың оқыған тоқыған жігіттері, қыздары бойындағы соншама талантын қор қылып, Америкаға, Берлинге, Ресейге болсын мәдени жұтылып, бір жерден ішуді, бір жерден қаңғыруды, бір жерден әдепсіздікті үйреніп келіп жүрмейді. Мұның бәрі болашақ қазақтың, жас буынның бәрін қуыс кеуде емес, көкіректері рухани бай, өзгенің мәдениетіне жұтылмайтын, керісінше өзінің мәдениетіне сиқырлап шақырып тұратындай, қайратты тұлғалардың шығуына септеседі деп есептеймін», – дейді Санжар Керімбай.


Оған дәлел, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы соңғы екі жылда шығарған «Өзбекәлі және мәдени майдан», сосын «Қаныш және ғылыми майдан» кітаптары. Бұл туралы өзі былай дейді:


«Екеуі де кішкентай кезінен бастап қазақтың ән, күй, шежіре, аңыз-әфсана, қиссалардың барлығын жатқа біледі, екеуі де не орысқа, не батысқа жұтылған жоқ. Екеуі де таза қазақы бейнеде осындай өркениет жасап шығарды. Осының бәрі мәдени құндылықтардыңнасихатталуының арқасында болды», – дейді Санжар Керімбай.

Ақбота Мұсабекқызы