08 қаң, 2021 сағат 13:45

Саяси ойын ережесінің өзгеру табалдырығында тұрмыз - саясаттанушы

Саяси ойын ережесінің өзгеру табалдырығында тұрмыз. Мұндай пікірді саясаттанушы Максим Казначеев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жолғы сайлау науқанында біз үшін басты қызығушылық – бұл саяси транзит қорытындысын бекіту. Іс жүзінде жаңа Парламенттің қалыптасуы Қазақстанның саяси жүйесін қызметтің жаңа режиміне шығарады. Парламент құрамының өзгеруімен Үкіметті жасақтау және әлеуметтік-экономикалық блоктың жетекші лауазымдарына министрлерді тағайындау принципі өзгереді. Қоғам тарапынан да, негізгі топтар тарапынан да сайлауға қызығушылық өте жоғары. Түптеп келгенде біз саяси ойын ережесінің өзгеру табалдырығында тұрмыз. Сондықтан 2019-2021 жылдардың сайлау циклін түйіндейтін сайлаулар біздің көзқарасымызша көп үміт күттіреді», - деді саясаттанушы Қазақстандағы сайлауға қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында. 

Оның атап өтуінше, коронавирус пандемиясы салдарынан экономикалық қиындықтарға байланысты әлеуметтік шиеленістің аздап өскені байқалып отыр. Дегенмен, еліміздің экономикалық орнықтылық қоры жоғары. Яғни, сайлау циклі тұрақты ахуалды сақтап қала алады. 

«Қолданыстағы билік жүйесі аясында биыл бастапқы буынның жергілікті әкімшіліктері басшыларын сайлау жоспарланған. Бұл біз үшін бірінші тәжірибе саналады. Осы жылы алғаш рет тікелей сайлауды сыннан өткізіп көруге тырысамыз», - деді Максим Казначеев.