10 қаң, 2021 сағат 09:12

Сайлау-2021: «ADAL» партиясының төрағасы дауыс берді

«ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали бүгін өтіп жатқан сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Партия төрағасы елордадағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. 

«Бұл сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Жалпы, халқымыздың саяси деңгейінің көтерілгенін байқауға болады. Сонымен қатар, осы науқанда көбіне жастарға жол беріліп отыр. Жастарымыз білімді әрі білікті. Олар қысқа мерзімде барлық салада өздерін таныта алды», - деді С. Сұлтанғали. 

Партия төрағасы осы сайлаудан кейін жақсы нәтиже күтетінін атап өтті. 

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына аяқ бастық. Осы орайда бір қуанатын жағдай – жастарымыз сауатты. Ең негізгісі – оларда патриотизм сезімі бар», - деді Серік Сұлтанғали.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан аумағында құрылған барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. 

Депутаттарды сайлау бойынша дауыс беру Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерде құрылған 10 060 сайлау учаскесінде жүргізіліп отыр. Сайлау комиссиялары дауыс беру орны мен уақыты туралы дер уақытында ақпарат берді. Елорда уақытымен сағат 08.00-де жағдай бойынша еліміздегі 9 994 сайлау учаскесінде және шет мемлекеттердегі қазақстан өкілдіктері жанындағы 17 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды.

Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті.