10 қаң, 2021 сағат 09:30

Сайлау-2021: Нұрлан Нығматулин өз таңдауын жасады

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұрлан Нығматулин сайлауда қазақстандықтар өздерінің ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсететінін алға тарта келе: 

«Бүгін өз таңдауымды жасадым. Мен мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін, халқымыздың сапалы өмірі үшін, балаларымыздың жарқын болашағы үшін дауыс бердім» - деді. 

Айта кету керек, Мәжілістің 98 депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. 

Еске сала кетсек, конституциялық мерзімге сай өткізгелі отырған Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» қатысып жатыр.

Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді.