08 жел, 2020 сағат 16:00

Сайлау: ЕҚЫҰ байқаушылары жұмысына кіріседі

ЕҚЫҰ байқаушылары миссиясының жетекшісі Ярослав Домански Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау барысында қандай жайттарға ерекше назар аударылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сайлау небәрі бір күннің ішінде өте шығатын іс-шара емес. Өйткені, сайлауға дейін және сайлаудан кейін де орын алатын процестер бар. Олар сайлау процесінің барынша маңызды бөлігі саналады. Міне, осыған орай біз миссиямыздың аясында аталған процестердің барлығын қамтитын боламыз. Бұл миссия Қазақстандағы сайлауларды байқау жөніндегі 11-ші шектеулі миссия саналады», - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының алғашқы миссиясы - 1999 жылы, ал соңғы миссиясы 2019 жылдың маусымында байқаушы ретінде қатысты. 

«Өткен жылы мүдделі тараптармен өте жақсы ынтымақтастыққа куә болдық. Биыл да осы сайлау науқаны барысында дәл сондай ынтымақтастықтың жалғасуын тағатсыздан күтеміз. Алғашқы кездесу осы баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін ҚР Ішкі істер министрлігімен өтеді. Одан кейін Орталық сайлау комиссиясында кездесу болады», - деді Ярослав Домански.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы депутаттар сайлауы кезінде ЕҚЫҰ байқаушылары миссиясының құрамында қандай сарапшылар болатындығын айтып берді. 

«Бұл миссия тек қысқамерзімді байқаушылардан ғана жасақталмайды. Негізінен ұзақмерзімді байқаушылар жұмыс істейді және сайлауға қатысты сарапшылардың негізгі командасы осыдан екі күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласына келді. Оның құрамында 10 қатысушы елден 11 сарапшы бар. Олардың барлығы құқықтық, сайлау, саяси және БАҚ-қа қатысты мәселелер бойынша сарапшылар саналады», - деді ол. 

ЕҚЫҰ миссиясының жетекшісі байқаушылар сайлау процесінің барлық маңызды элементтерін саралайтынын баса айтты.

«Дүйсенбі күні бізге 10 қатысушы елден 24 ұзақмерзімді байқаушы келіп қосылады. Нұр-Сұлтан қаласында брифинг өткізгеннен кейін олар бүкіл ел аумағына бөлінеді. Бұл сайлау науқанында орын алатын жайттың барлығын қамту үшін жасалып отыр және олар сайлау өткен күннен кейін де осында қалады. Сайлау бюроның барлық әдістемелеріне сай өтеді деп үміттенеміз. Бұл сайлаудың БҰҰ міндеттемелеріне, демократиялық сайлаулармен байланысты стандарттарға, сонымен қатар Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес келетіндігіне бақылау жасай аламыз деп ойлаймыз», - деді Ярослав Домански.