10 қаң, 2021 сағат 10:48

"Сайлау учаскелеріндегі камераларды жауып қою - заңға қайшы емес" - Бектемісова

Сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге арналған кабинкалардағы бейнекамералардың бетін бүркемелеп қою заңға қайшы емес. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 1-тармағына сәйкес сайлау жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Жасырын дауыс беру міндетті түрде сақталуы тиіс. Осыған орай сайлау учаскелеріндегі бейне бақылауға арналған стационарлық камералардың барлығы жұмыс істемейді және бүркемеленген. Бұл барлық учаскеге қатысты. Дегенмен, камералар негізінен мектептерде, оқу орындарында, әлеуметтік нысандарда бар. Көптеген ғимаратта қауіпсіздік үшін бейнебақылау орнатылған. Бірақ, сайлау күнінде біз олардың барлығын жауып қойдық немесе ажыраттық. Өйткені, жасырын дауыс беру сақталуы тиіс», - деді Бақыт Бектемісова. 

Айта кетейік, әлеуметтік желіде елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде бейнебақылау камерасының бүркемеленіп тұрған суреті тарап, желі қолданушылары арасында түсінбеушілік тудырған болатын.