10 жел, 2020 сағат 09:23

Сенат ішкі астық нарығына қатысты заң қабылдады

Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. 

Құжат табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған әрі төтенше жағдай енгізу кезінде елді азық-түліктік астықпен кепілді түрде қамтамасыз ету мәселесін реттеу, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның астықтың резервтік қорын сақтау шығындарын өтеу, оның АӨК-дегі мәртебесі мен рөлін айқындап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

«Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі астықпен толығымен қамтылған мемлекеттер үшін де өте өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан да, астық өндірудегі еліміздің жоғары ресурстық әлеуетіне қарамастан, халықты азық-түлікпен қамту және бағаны тұрақтандыруда мемлекеттің жауапты іс-әрекеттері маңызды. Заң жобасында «астықтың резервтік қоры», «астық нарығы жөніндегі оператор», «астықтың резервтік қорын басқару» ұғымдарын енгізу көзделген. Сондай-ақ, уәкілетті органға астық нарығын реттеуде тиісті құзыреттілік беру ұсынылады», - деді Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин.

Сонымен қатар, заң жобасының нормалары ішкі астық нарығын тұрақтандыруға, тұқым және жемшөп қорларын қалыптастыру арқылы бірқатар саланың өнімділігін арттыруға әсер етеді деп жоспарланған.

«Заң жобасындағы толықтырулар ішкі астық нарығына реттеушілік әсер етіп, өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға жәрдемдесу арқылы халықты қолжетімді астық өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сонымен қатар, астықтың резервтік қорын сақтау үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 2,4 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды талап етеді», - деді сенатор.