
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды Қазақстанның шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Заң жобасы ҚР Парламентінің депутаттары мен азаматтардың, сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың бостандыққа және жеке басына қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізіледі.
Заң жобасының негізгі міндеті жоғарыда аталған заңнамалық актілерге нақты түзетулер енгізу болып отыр:
- қылмыстық-процестік кодексте шығарып жіберу ретіндегі жазалау түрі нақтыланады, сондай-ақ қылмыстық-атқару кодексінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қылмыстық істер бойынша елден тысқары мәжбүрлеп шығарып жіберу үшін жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолданудың нақты құқықтық негіздері мен тетіктері беріледі;
- «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңына қылмыстық, әкімшілік істер және ерекше жүргізілетін істер бойынша сот актілерін мәжбүрлеп орындау үшін шығарып жіберуден жалтаратын адамдарды ұстаудың (соттың санкциясымен 30 тәулікке дейінгі мерзімге) құқықтық тетіктері мен мерзімдерін жетілдіруді көздейтін түзету енгізіледі;
- «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» ҚР Заңы жаңа нормамен толықтырылады, оған сәйкес мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын және одан жалтаратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қамтамасыз ету шарасы ретінде соттың санкциясымен жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу қолданылады;
- «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» ҚР Заңында жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу ұғымы беріледі, сондай-ақ шығарып жіберілетін адамдарды мерзімі отыз тәулікке дейін арнаулы қабылдау орындарына орналастыру үшін құқықтық негіздеме көзделген. Мұндай шекті мерзім «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңында да белгіленген.
Тұтастай алғанда заң жобасын қабылдау адамның құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтардан қорғалуының сапалық жаңа деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейді.
