Фото: Дәулет Шоқпаровтың жеке мұрағатынан
Қазақ халқының төл мұрасы – қолөнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде үлкен еңбек сіңіріп жүрген Дәулет Шоқпаров – ұста Дәркембай Шоқпарұлының ұлы, әрі аты көпке белгілі қолөнер музейінің негізін қалаушы, директоры. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылында орналасқан бұл музейдің ашылғанына биыл 20 жылға жуықтапты, деп хабарлайды Ult.kz.
Мұраның мекені – туған топырақ
Елге еңбегі сіңген әкесінің аманатын арқалап, өнердің өрісін кеңейту жолында тер төгіп жүрген Дәулет мырзадан өнер шаңырағының тыныс-тіршілігі жайында сұрадық.
Ақшидегі бұл музейге әке аманатын аяқ асты етпей, оның ұлы Дәулет Дәркембайұлы жетекшілік етіп отыр. Ол қолының икемі бар жастарды қолөнерге баулып жүр. Асылдың тұяғынан әйгілі қолөнер шеберінің атындағы музейдің ауылдық жерде ашылу себебін сұрадық.
«Әкем осы ауылда туған. Шоқпар атамыз мектеп-интернаттың отымен кіріп, күлімен шығып, қызметінде болған. Қолы қалт еткенде ұсталық кәсіппен де айналысып тұрған. Ал Жұмагүл әжеміз интернаттың аспазы болған. Сонау соғыс жылдары Тұманбай атамыз іргедегі «Казатком» ауылында темір ұстаның тапшылығынан әкесі Шоқпарды сонда жіберіпті. Әкем «Казаткомда» 8-сыныпты бітірген бойда Алматыға кетеді. Оқуын аяқтаған соң, шығармашылыққа да бет бұрады», – дейді Дәулет Шоқпаров.
Фото: Дәулет Шоқпаровтың жеке мұрағатынан
Қолөнерге деген сүйіспеншілігі мен ыждаһаттылығының арқасында ол қазақтың жоғалған мұраларын қайта тірілтіп, небір ерекше бұйымдарды жарыққа шығарды. 1996 жылы 50 жасқа толуына орай, ауылдағы иесіз тұрған бір ғимаратты жеке меншікке алып, оны музей мен шеберханаға айналдыруды қолға алады. Қаладағы пәтерлердің тарлығынан гөрі, кең даланы, туған топырақты таңдаған ол туған жерге қоныс аударып, өмірінің соңғы он жылын осында өткізеді.
«Әкем туған ауылына музей және қолөнер мектебін ашсам деген арманын арқалай келді. Алдына үлкен мақсат қойып, тірнектеп жүріп 2,5 мыңға жуық экспонат жинады. Кейін әкемнің арманы орта жолда қалмасын деп, шәкірттерімен бірге музей ашуды қолға алдық. Бұл игі бастаманың сәтті іске асуына сол тұстағы Алматы облысының басшысы Серік Үмбетов барынша қолдау білдірді», – деген ұстаның ұлы музейдің құрылымы туралы әңгімелеп берді.
Алты залға жайғасқан музей
6 залдан тұратын музей ғимаратының ауданы 375 шаршы метр. Ал жер аумағы 3 гектарды алып жатыр. Музей залдары Дәркембай Шоқпарұлының балалық шағынан бастап, студенттік, отбасылық және әскердегі өмірінен сыр шертетін экспонаттардан басталып, қолөнер шеберінің шығармашылық еңбектері, қазақ халқының түрлі материалдан жасалған үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтары, ұлтымызға тән саз аспаптары мен зергерлік, саятшылық өнерге қатысты бұйымдар өз орнын тапқан. Ал ең соңғы алтыншы залды дүкен деуге де келеді. Онда қазіргі шеберлердің қолынан шыққан туындыларды сатып ала аласыз.
Фото: Дәулет Шоқпаровтың жеке мұрағатынан
Мұндағы кәдесыйларға көбіне шетелден сапарлап келген туристер көп қызығады екен.
Д.Шоқпаров та өнерден құралақан емес. Әке ізін жалғастырып келеді. Кезінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген. Ол ұлттық өнердің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосуды құп көріп, әрі әке аманатын арқалап, бүгінде шәкірттерін үлгілі іске үйлесіріп, музей жұмысын жандандырып отыр.
«Мен бала күнімнен ұлтымыздың қолөнерін игеріп, тарихын тануға жақын болдым. Сол себепті де, өнердің қадірін түсінетін, бабалар мұрасын қызғыштай қорғап, оны көздің қарашығындай сақтай алатын қолы шебер жандар иық тірестіре еңбек етіп жүрміз», – дейді Д.Дәркембайұлы.
Музейде бүгінде 10 адам тұрақты жұмыс істейді екен. Олар ұлттық қолөнерді насихаттап, жас өскінге шеберлік сабақтарын өткізіп, түрлі деңгейдегі көрмелерге үзбей қатысып отырады. Қазір дәстүрлі қолөнердің дамуына жұмыс істеп келе жатқан музей қорында 3 мыңға жуық жәдігер бар екен. Олардың басым бөлігі – ұста Дәркембайдың алтын қолынан шыққан асыл туындылар. Одан кейінгілері оның жер-жаһанды кезіп, көзмайын тауысып жиған жәдігерлері екен. Дәулет Шоқпаров әкеден мирас болып қалған сол көне мұраны келер ұрпаққа жеткізуді – басты парызы санайды.
Жаңа белестер – жаңа жоспарлар
Музей ұжымы қолөнерді насихаттау бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Жуырда Қонаев қаласында өткен қолөнер көрме-жәрмеңкесіне қатысып, халықпен тікелей байланыс орнатты. Мектеп оқушыларына арналған шеберлік сабақтар, танымдық экскурсиялар жиі ұйымдастырылады. Ұлттық зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық заттардың жасалу жолы мен қолдану ерекшеліктері таныстырылып, жас буынға мұрагерлік тәрбие беріледі.
Биылғы ауқымды жобаның бірі – Нью-Йорк қаласында өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мәдени шара. Осы халықаралық жиынға музей ұжымы көшпелі көрмесімен баруға дайындалып жатыр екен.
Фото: Дәулет Шоқпаровтың жеке мұрағатынан
Шикізат бар, бірақ...
Қазақтың ата кәсібі – мал шаруашылығына негізделген қолөнер бүгінде қайта жаңғырып келеді. Алайда шикізатты ұқсату мәселесі әлі де өзекті болып тұр.
«Қазір малдың еті мен сүтін пайдаланғанымызбен, терісі мен мүйізі қоқысқа кетіп жатыр. Бұл – үлкен қателік. Біз өзіміз бастама көтеріп, теріден түрлі заманауи бұйым жасауға болатынын дәлелдеп жүрміз», – дейді музей директоры.
Өткен жылы «Қазақтың тері өңдеу дәстүрі» атты кітап жарық көріп, онда теріні өңдеуден бастап, дайын бұйым жасаудың технологиясы егжей-тегжейлі жазылды. Енді осы білім өндіріс саласына енгізілсе, үлкен серпіліс болары сөзсіз.
Фото: Дәулет Шоқпаровтың жеке мұрағатынан
Өнер мен өлең қатар өрілген
Ұста Дәркембай – тек темір мен ағаштың ғана шебері емес, ол – ақын да. Оның этнографиялық өлеңдері «Замана ағымы» атты жинаққа топтастырылып, 2021 жылы жарық көрген. «Биялай», «Аманат», «Қашау» секілді өлеңдерінде қазақ тұрмысы мен ұлттық рух терең суреттеледі. Сонымен қатар балаларға арналған жұмбақтар, бата-тілектер де жинаққа енген.
Ұлттық өнердің ұйытқысы
Музей бүгінде Алматы облысындағы үздік мәдени ошақтардың біріне айналған. Көшпелі көрмелермен Қазақстанның әр өңірін аралап, шет елдерге де танылып жүр. 2023 жылы алғаш рет облыстық деңгейде республикалық шеберлер фестивалін өткізген. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық шебер қатысып, өз өнерін ортаға салды.
«Қолөнер – ұлттың рухы мен тарихының айнасы. Біз осы құндылықты сақтап қалуға және болашаққа жеткізуге бар күшімізді саламыз», – деп сөзін түйіндеді әйгілі ұстаның ұлы, музей директоры Дәулет Шоқпаров.