17 мау, 2025 сағат 15:46

«Silk Way Star» – Қазақстан мен Қытай жаңа медиажоба жасау бойынша ынтымақтасты

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені мен Қытай Медиакорпорациясы (CMG) халықаралық «Silk Way Star» жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат Қытай Халық Республикасы Төрағасының Қазақстан Республикасына жасаған сапары аясында қабылданды. Қол қою рәсімі екі ел басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің қатысуымен өтті.

Келісімге Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Қытай Медиакорпорациясының басшысы Шэнь Хайсюнь қол қойды.

«Silk Way Star» – Орталық Азия, Кавказ және Қытай елдерінің орындаушылары қатысатын алғашқы бірлескен музыкалық жоба. Жоба аясында конкурс, шоулар мен гала-концерт ұйымдастырылады. Әртүрлі тілдердегі әндердің орындалуы және мәдениеттер арасындағы жарқын музыкалық ынтымақтастық шығармашылықтың ерекше диалогын қалыптастырады. Аймақ елдерінің көрермендері бұл жаңа шоудың көріністерін Silk Way және CGTN телеарналарынан тамашалай алады.

«Бүгін қол қойылған келісім біздің медиакомпаниялар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бетін ашады. Алғаш рет Қазақстан мен Қытайдың ең ірі медиакомпаниялары әлемдік деңгейдегі жобада бірлесіп жұмыс істейді», – деді Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева.


«Silk Way Star жобасының ауқымы Президент телерадиокешені мен Қытай Медиакорпорациясының стратегиялық серіктестік деңгейіне сай келеді. Бұл бірлескен өндіріс – екі компания үшін де ерекше тәжірибе», – деп атап өтті CMG басшысы Шэнь Хайсюнь.


Сонымен қатар, Президент телерадиокешені мен Қытай Медиакорпорациясы медиа саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.

Айта кетейік, 2024–2025 жылдары Президент телерадиокешені мен CMG бірқатар табысты жобаларды іске асырды: «Астана-Пекин» телекөпірі, «ШЫҰ – Көпжақты диалог арқылы күш біріктіру» телеконференциясы және «SCOConnect» арнайы шығарылымдары. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытайдың деректі фильмдері тұрақты түрде өзара алмасып, көрсетілуде.