24 мау, 2022 сағат 17:16

«Сұлулық әлемді құтқарады...»


Жуырда 15-19 маусым күндері Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сұлулық әлемді құтқарады» деген атаумен халықаралық симпозиум өтті. Симпозиумның мақсаты – халықаралық дәрежедегі суретшілермен тығыз байланыс орнатып, еліміздің мәдени кеңістігін кеңейту, қазақ елінің мәдениеті мен өнерін суретшілердің қылқаламы арқылы жеткізу болды. 

Француз жазушысы Франсуа Мариаруэ Вольтердің «Сурет – мылқау поэзия, ал поэзия – сөйлейтін сурет» дейтін әйгілі сөзі бар. Демек, бұл тәмсіл бізге кез келген өнердің түбі бір, рухы үндес екенін дәлелдей түседі. Ал біздің елде өнерімен дүйім жұртты елең еткізіп, сонау мұхиттың арғы жағына дейін жеткен талантты жандар жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі – суретші, Қазақстан мен Ресейдегі Суретшілер Одағының мүшесі, батик өнерін насихаттаушы Камила Жапалова.

Орал қаласында өткен симпозиумның да ұйымдастырушысы, «Batik Kami» мәдени қорының директоры – есім-сойы талай шығармашыл ортаның аузында жүрген Камила Әбенқызы. Оның бастауымен өткен кешегі жоба аясында Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің өзге де қылқалам шеберлері Жайықтың жағасында бас қосып, шеберлік сағатын өткізді. Жалпы осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш іс-шараны барынша қолдап, оған тіпті ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов те қатысқанын атап өткен жөн. Шындап келгенде, министрліктің осындай игі бастамаларды қолдап, мәдениет пен руханиятқа оң көзқарас танытуы – көңіл құптарлық іс. Себебі жоба аясында көптеген отандық және шетелдік суретшілер бір-бірімен тәжірибе алмасып, мәдени саладағы білігімен бөлісті. 


- Мұндай іс-шаралар ел өркениетінің дамуына өз септігін тигізеді. Суретшілер, шығармашылық иелері толық ашылу үшін көп жағдайда еркіндік керек. Белгіленген тақырып бойынша этюд жазу оның талантына тұсау болады. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да сол, шығармашылық иелеріне еркіндік сыйлау еді. Симпозиумның ұйымдастырылуы барысында бізге қол ұшын созған жандарға алғысымыз шексіз. Оралдай әдемі қалада суретшілер жақсы жұмыс істеп, шабыттанып қайтты деген ойдамын. Жастардың шеберлік сағатына қатысып, тәжірибелі суретшілерден дәріс алғанына қуаныштымын. Көне шаһардың көрнекті жерлері, әсем табиғаты қылқалам шеберлеріне үлкен азық болды деп ойлаймын, - деді жоба авторы К. Жапалова.


Айта кететін жайт, симпозиумның бас ұйымдастырушысы – «Batik kami» мәдени қоры 2016 жылдан бері белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Мәдени қор шет елдерге ою-өрнегіміз бен ұлттық киімдерімізді де таныстырып келеді. 2019 жылы АҚШ-та суретшілердің өнерін әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылатын «ART-Expo-New York» халықаралық галереясында үздіктер қатарынан көрініп, Швеция Елшілігінің шақыртуымен Стокгольм қаласында жеке көрмесін өткізген.