29 ақп, 2024 сағат 15:39

Суреттер сөйлейді: Әлемнің ұлы әйелдері


21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында Астана қаласында «Әлемнің ұлы әйелдері» атты көрмесі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл бірегей жобаның қатысушылары Еуразиялық өнер одағының мүшелері, Қазақстан Республикасының көркемсурет академиясының профессорлары, оқытушылар мен Қазақстан суретшілер одағының өкілдері болды. Бұл іс-шара Түркиядағы Қазақстанның бас консулдығы және "Сұлтан" журналы редакциясының қолдауымен ұйымдастырылды.


"Бұл көрме арқылы біз қазақ әйелдерінің сұлулығын, олардың ұлылығы мен батырлығын көрсеткіміз келді. Көрмені алғаш Ыстамбұл қаласында өткіздік. Суретшілеріміздің туындысын 60 мыңнан астам адам тамашалады. Іс-шараның ашылуына Түркияның Туризм министрі Ерсой Мехмет Нури қатысты. Келген қонақтар осы өнер туындыларынан шыққан энергияға риза болды. Әсіресе, "Зере", "Қыз Жібек" суреттері қонақтарға қатты әсер етті. Расында да, олар қазақ әйелдерінің сұлулығына таң қалды", - дейді көрмені ұйымдастырушы "Сұлтан" журналының бас редакторы Қаракөз Айдаш.


Түркі халықтарының тарихында теңдік, әйелді құрметтеу дәстүрі ертеден бар. Түркі тарихының әртүрлі кезеңдерінде, яғни көне дәуірден қазіргі заманға дейін әйелдер қоғамдық өмірге белсене араласқан. Оның бір көрнекті мысалы ретінде, Алтын Орда дәуіріндегі түркі әйелдерінің әкімшілікте маңызды қызметтер атқарып, әскери іс-қимылдарға қатысып, ғылым мен өнерге қосқан үлесін айта аламыз.

Көрмеде Сақ патшайымы Томиристің суреті қонақтардың ерекше назарын аударды. Өйткені ол әйелдердің тарихтағы және саясаттағы рөлінің символына айналды. Оның бейнесі әсіресе, қазіргі әйел құқығы шектелген уақытта әйелдердің мәселесіне назар аударуды,  гендерлік теңдік және әйелдердің қоғамды қалыптастырудағы әсері тақырыбын талқылауға шақырады.

Сондай-ақ, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың бейнелерін жаңғырту көрменің ең бір ұтымды тұсы деуге болады. Өйткені, суретшілер өздерінің полотнолары арқылы тек физикалық ұқсастықтығын ғана емес, сонымен бірге олар кейіпкерлердің энергиясы мен табандылығын көрсете алды. Кенептегі ашық түстер мен көлеңкелер батыр қыздардың ерлік рухын ерекше айшықтай түскен.


"Көрмедегі әрбір сурет тек техникалық шеберліктің туындысы ғана емес, сонымен бірге терең мағынаға ие. Онда әйелдердің қайталанбас қасиеттері, қоғамға қосқан үлесі мен ықпалы ашылады. Олардың шығармаларында ұлы істер, қиын жағдайдағы табандылық, құқық пен прогресс үшін күрес тақырыптары бейнеленген. Олар әр суреттің бірегей екенін және оны бөлуге болмайтынын атап өтеді. Мұндай шығармашылық процесстің соңғы нүктесі жоқ, суретшілер туындыларын ондаған жылдар бойы үздіксіз салып, оларды бітпейтін процесс ретінде қарастырып, суреттердің детальдарын толықтырып, жетілдіре түсуге дайын", - дейді осы көрменің суретшілері Жанұзақ Мүсәпір мен Әділғали Баяндин. 

Авторы: Томирис Казыбекова