04 нау, 2026 сағат 13:15

Талғарда ер адамды өлтірді деген күдікпен екі әйел ұсталды

Фото: Ашық дереккөз

Талғар қаласында жеті баланың әкесі кісі қолынан қаза тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұмның денесінен 30-дан аса пышақ жарақаты анықталған, деп хабарлайды Ult.kz.

Марқұмның отбасы мүддесін қорғап жүрген адвокаттар Асылбек Әбдіраимов пен Жандос Палмановтың айтуынша, оқиға 14 ақпанда болған.

Олардың сөзінше, қылмысқа күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен оның анасы танылған. Аталған дерек бойынша іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы ("Алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған кісі өлтіру") негізінде тіркелген.

Адвокаттардың мәліметінше, жанжалдың туындауына ер адамның Талғар полициясына аттарының ұрланғаны туралы арыздануы себеп болуы мүмкін. Бұған дейін құқық қорғау органдары әйелдің жылқыларды ұрлап, сатуға қатысы бар екенін анықтағаны айтылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, шабуыл ер адам ұйықтап жатқан кезде жасалған. Марқұмның артында жеті баласы қалды.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде топ болып жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.