24 қаң, 2023 сағат 12:54

Композитор Арман Дүйсенов дүниеден озды

Фото ашық дереккөзден алынды

Танымал композитор, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Арман Дүйсенов дүниеден озды. Бұл ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі растады.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде елімізге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері марқұмның артында қалған отбасына көңіл айтып жатыр.

Арман Дүйсенов 1974 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған.

ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, ол 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдағаннан кейін Халық әртісі Райымбек Сейтметов негізін қалаған «Өнер» факультетінің Музыка және орындаушылық өнер кафедрасында сабақ береді. Осы аралықта республикалық және халықаралық конкурстарда топ жарған жас талантты әншілер мен актерлердің тұтас буынын тәрбиелеп шығарған.

Өнер қайраткерінің өзі де бірнеше мәрте республикалық ән байқауларында жеңімпаз атанып, 50-ге жуық елде гастрольдік сапармен болған.

Сонымен қатар композитор «Хабар» және «Ел арна «телеарналарында «Айбын», «Достархана», «Тапқыр достар», «Дудар-ай» және «Хабар-старс» бағдарламаларын тізгіндеді.

Арман Дүйсенов көпшіліктің сүйспеншілігіне айналған бірнеше кинотуындыға музыка жазған. Бұған қоса, оның «Кездер-ай», «Арман», «Сені сағындым», «Жан қызым», «Ауылдағы қыз» сияқты туындылары халық арасында кең таралған.

ҚР Мәдениет қайраткері Арман Дүйсенов өмірінің соңғы жылдары «Қазақ әуендері» АҚ «Гүлдер» филиалының директоры қызметін атқарған.

Осы орайда, Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған композитордың мезгілсіз дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!