Фото: Криминальный Казахстан
Туыстарының айтуынша, 15 жастағы Дамир есімді жасөспірімді сабақ арасындағы үзілісте киім ауыстыратын бөлмеге алдап шақырып, сол жерде сыныптастары оған шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ult.kz Криминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап.
Бейнебақылау жазбаларына қарағанда, әңгіме тез арада төбелеске ұласып, жасөспірімді басынан ұрған. Көмектесуге тырысқан досына араласуға мүмкіндік берілмеген.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, бала ауыр жарақат алған: миы шайқалып, көзі қатты зақымданған. Дәрігерлердің сөзінше, көзін «қайта құрастырған». Қазір оның жағдайы ауыр, асқыну қаупі бар.
«Ең болмаса орган ретінде сақталып қалса екен. Дәрігердің айтуынша, алдағы 10 күн өте маңызды: “Инфекция миға өтпесе екен деп дұға қылыңыздар” деді. Бала миы шайқалып, контузия алған. Көзіне қатты зақым келген, көз түбі толықтай бүлінген», — деді анасы Зухра Каримова.
Жасөспірім операциядан өткен, бірақ болған жағдайды толық есіне түсіре алмайды. Оның айтуынша, шабуыл жасағандардың қолында металл зат болуы мүмкін.
Полиция «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ, оқиғаға қатысушылардың ата-аналарын да жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр.
