18 ақп, 2026 сағат 17:11

Таразда аялдамада тұрған мектеп оқушысын белгісіз біреулер ұрлап әкетпек болған


Жамбыл облысында мектеп оқушысын ұрламақ болған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға кеше Көшек батыр көшесіндегі автобус аялдамасында, қаланың ең ірі «Ұлы дала» шағын ауданы маңында болған. Сабақтан кейін тіс дәрігеріне бара жатқан 13 жастағы оқушы қыз аялдамада автобус күтіп тұрған.

Сол сәтте аялдамаға Volkswagen Polo автокөлігі келіп тоқтаған. Көліктен түскен екі ер адам өздерін қыздың әкесінің таныстары ретінде таныстырып, оны көлікке отыруға үгіттеген. Қыз бас тартқаннан кейін, олар оны қолынан ұстап, күшпен салонға отырғызуға әрекет жасаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бастамашысы – 1988 жылы туған жұмыссыз Т.К. Медициналық сараптама оның психоактивті заттардың әсерінен есірткілік мас күйде болғанын анықтаған. Тергеу барысында ол аялдамада бейтаныс қызды көріп, оны кейін некеге тұру мақсатында ұрламақ болғанын айтқан.

Оған 1984 жылы туған туған ағасы К.А. көмектескен. Ол да жұмыссыз, әрі «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатриялық есепте тұрғаны белгілі болды.

Қыз айқайлап, қарсылық көрсетіп, көліктің есігін ұстап, ішке итеріп жібермеуге тырысқан. Осы сәтте жанында болған ер адам (жеке деректері жария етілмейді) айқайға назар аударып, араласқан. Қыздың бұл адамдарды танымайтынын білген соң, ол баланы күдіктілердің қолынан жұлып алып қалған.

Осыдан кейін күдіктілер көлікке отырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Алайда көп ұзамай екеуі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған қызды ұрлауға оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл оқиға күндіз, адам көп жүретін жерде болған. Егер жанындағы азамат бейжай қарамай, араласпағанда, жағдайдың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін еді.