Фото: vk.com
Кез келген театрдың тарихы сахна шымылдығы ашылған сәттен ғана емес, сол өнер ордасының қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген алғашқы мамандардың табанды жұмысы арқылы жазылады. Театр ашылған күннен бастап ұжыммен бірге қызмет етіп, әрбір бөлімнің жұмысын жолға қойған, шығармашылық пен ұйымдастыру ісін қатар алып жүрген азаматтардың еңбегі – бүгінгі жетістіктің берік іргетасы. Осындай театрдың алғашқы күндерінен бастап қызмет жасап келе жатқан мамандар – өнер ордасының тұрақты дамуына үлес қосып, оның рухани бағытын айқындаған басты тұлғалар.Театр мен киноны тоғыстырған білікті ұйымдастырушы
Қазіргі таңда мәдениет пен кино саласының дамуы кәсіби ұйымдастырушылар мен жаңашыл ойлай білетін мамандардың еңбегімен тығыз байланысты. Театр мен кино өнерін бір арнаға тоғыстырып, көрермен мен шығармашылық ұжым арасындағы байланысты жүйелі түрде қалыптастыра білген білікті менеджерлердің орны қашанда ерекше. Осындай жауапты салада табандылығы мен іскерлігін дәлелдеп жүрген мамандардың бірі – Алатау дәстүрлі өнер театрының кино бөлімінің басшысы Мадигожанов Нұрбол Құдайбергенұлы.
Нұрбол Құдайбергенұлы - 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бала кезінен тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған ол 2008–2010 жылдары Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатта білім алып, шыңдалу мен табандылықтың маңызын терең сезіне білді.
Алғашқы кәсіби бағытын заң саласымен байланыстырған Нұрбол Құдайбергенұлы 2010–2014 жылдары Тұран университетінің Заң факультетін тәмамдап, жоғары білім алып шығады. Заңгерлік білім оның кейінгі қызмет жолында ұйымдастырушылық қабілетін, жауапты шешім қабылдау дағдысын және жүйелі ойлау мәдениетін қалыптастыруға үлкен негіз болды.
Алайда оның шынайы кәсіби жолы өнер мен мәдениет саласында жалғасын тапты. 2016 жылы Алатау дәстүрлі өнер театры ашылған сәттен бастап, театр ұжымына алғашқылардың бірі болып қабылданып, кино бөлімінің администраторы қызметіне кірісті. Жаңа құрылып жатқан өнер ордасында әрбір жүйені қалыптастыру, жұмыс тәртібін реттеу, кино бағытын жолға қою – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс еді.
Нұрбол Құдайбергенұлы осы кезеңде театрдағы кинотеатр жұмысының толыққанды іске қосылуына тікелей атсалысты. Кинопрокат жүйесін ұйымдастыру, отандық және шетелдік кинокомпаниялармен әріптестік байланыстар орнату, көрермендермен жұмыс жүргізу сынды маңызды бағыттардың барлығын бірізді жүйеге келтіріп, кино бөлімінің тұрақты әрі сапалы қызмет етуіне негіз қалады.
Кино индустриясының қыр-сырын терең меңгерген білікті маман ретінде ол қысқа уақыт ішінде өзін сенімді ұйымдастырушы әрі тәжірибелі менеджер ретінде көрсете білді. Театр мен кино арасындағы шығармашылық әрі өндірістік байланысты үйлестіре отырып, көрерменге сапалы мәдени өнім ұсынуды басты мақсат етіп ұстанды. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ.
2020 жылдан бастап Мадигожанов Нұрбол Құдайбергенұлы Алатау дәстүрлі өнер театрының кино бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Бүгінде ол театрдағы кино бағытының дамуына жетекшілік етіп, кинопрокат саясатын жетілдіру, серіктес кинокомпаниялармен байланыс аясын кеңейту, көрермен сұранысына сай жаңа жобаларды іске асыру бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді.
Өз ісіне адал, талапшыл әрі жаңашыл көзқарасты ұстанатын Нұрбол Құдайбергенұлы – мәдениет пен кино саласының дамуына нақты үлес қосып жүрген, заманауи менеджмент пен шығармашылық орта арасын табысты тоғыстыра білген кәсіби маман.
Өнерге келген жол — тағдырмен тілдесу
Өнер жолы — даңғыл емес. Ол кейде айналма соқпақпен, кейде күтпеген бұрылыстармен басталады. Бірақ жүрегінде бейнеге, сұлулыққа, тірі образға деген іңкәрлік бар жан бәрібір өз жолын табады. Аджиева Дилярам Арслановнаның кәсіби ғұмыры — соның айқын дәлелі.
2009 жылы орта мектепті аяқтаған жас қыз үлкен таңдау алдында тұрды. Қай бағытты таңдасам, қай мамандыққа бет бұрсам деген сауал жанын мазалады. Бала кезінен сурет салуға бейім, өнерге жақын болып өскендіктен, дизайнер болуды армандады. Алайда сол жылы бұл мамандыққа бос орын болмады. Бір қарағанда, бұл — мүмкіндік жабылған сәттей көрінген. Бірақ тағдыр дәл осы тұста өзге есікті ашты.
Кәсіби гримёр болып жұмыс істейтін нағашы апасының кеңесімен Дилярам грим саласына назар аударады. Ол кезде Өнер академиясында гримёр-постижёр мамандығына қабылдау әлі ашылмаған еді — бұл мамандыққа небәрі бес жылда бір рет қана студент қабылданатын. Уақытты зая кетірмей, нағашы апасы оны НТК телеарнасындағы жобалардың біріне жұмысқа орналастырады.
Бұл салаға ол дерлік нөлден келді. Теориясы жоқ, бірақ ықыласы бар еді. Көрді, бақылап үйренді, сұрады, қателесті, қайта түзеді. Әр күн — тәжірибе, әр түсірілім — сабақ болды. Бірте-бірте ол бұл істің уақытша жұмыс емес, өмірлік мамандығы екенін ұқты. Осы кезеңде НТК арнасымен қатар «Хабар» телеарнасының жобаларында еңбек етіп, бейнебаяндарға қатысты. Бір мезгілде болашаққа қадам жасау үшін академияға түсу емтихандарына да дайындалды.
Еңбек пен табандылық нәтижесіз қалмады. Грант конкурсында 4-орын иеленіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Театр, кино және теледидар сценографиясы» мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Бұл — өнер жолындағы саналы әрі берік қадам еді.
2011 жылы тағдыр тағы бір маңызды белеске жетелейді. Дилярамды алғашқы толықметражды фильм — «Озеро» картинасының жабық көрсетіліміне шақырады. Бұл — кәсіби ортаға нақты ену, кино әлемінің жауапкершілігін сезіну кезеңі болды.
Кейін оның жолы қуыршақ театрымен тоғысты. Бірнеше жыл бойы осы театрда еңбек ете жүріп, ол тек бет гримімен шектелмей, маска жасауды, материалмен жұмыс істеудің жаңа техникаларын меңгерді. Қуыршақ сахнасы — ұсақ деталь мен үлкен қиялды талап ететін ерекше әлем. Бұл орта Дилярамның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, шеберлігін шыңдады.
Одан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына шақырту алады. Драмалық театр, гастрольдер, күрделі қойылымдар мен жаңа формалар — мұның барлығы үлкен мектеп болды. Бұл кезеңде ол сахнадағы образдың тек сыртқы пішін емес, ішкі мазмұнмен астасуы керектігін терең түсінді.
Тұрмыс құрып, ана атанған соң, біраз уақытқа кәсіби қызметін тоқтатып, декреттік демалысқа шығады. Қызы Самира дүниеге келеді. Бірақ өнерге деген сүйіспеншілік үзіліспен өлшенбейді. Бір жылдан кейін ол қайтадан сүйікті ісіне оралып, «Қазақфильм» киностудиясымен және «Ғашықтар» телехикаясымен жұмыс істей бастайды. Түсірілімдер, телесериалдар, бейнебаяндар — әр жоба жаңа тәжірибе, жаңа тыныс сыйлады.
2018 жылы режиссёр Есләм Нұртазин оны өз спектакліне жұмысқа шақырады. Қойылымға постиж маманы — мұрт, сақал, шаш және бейнелік элементтерді кәсіби деңгейде жасайтын шебер қажет еді. Осылайша Аджиева Дилярам Арслановна «Алатау» дәстүрлі өнер театрының құрамына енді.
Бұл театрда оның еңбегі көзге бірден түсе бермеуі мүмкін. Бірақ сахна шындығын жасап тұрған — дәл осындай көрінбейтін еңбек. Әр кейіпкердің жасы, мінезі, тағдыры оның қолынан шыққан бейнелік детальдар арқылы сөйлейді. Постиж өнері — сахнадағы сенімнің негізі.
Осы кезеңде өмірінде тағы бір қуанышты оқиға орын алады — екінші қызы Ясмин дүниеге келеді. Ана болу мен өнерді қатар алып жүру — үлкен сабыр мен ішкі тәртіпті талап ететін жол. Бірақ Дилярам бұл сыннан да сүрінбей өтті.
Оның кәсіби жолы — кездейсоқ кеңестен басталып, саналы таңдауға, ал таңдаудан — өмірлік іске айналған жол. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық тарихындағы осындай тұлғалар театрдың рухын қалыптастырады. Олар сахнаның даңқы үшін емес, өнердің өзіне адал қызмет етеді.
Асығыстықтан ада, орнықты қадамдарға құрылған Аджиева Дилярам Арслановнаның жолы — дәл осы анықтық пен адалдықтың жолы. Бұл — уақытпен сыналған, еңбекпен дәлелденген өнер жолы.
Сахнаны жарыққа бөлеген еңбек
Өнер – адам жанын тербетіп, ой мен сезімді биіктететін құдіретті күш. Ол тарихты сақтайды, дәстүрді жалғастырады, адамның рухын биіктетеді. Ал сахна – осы күштің тірегі, руханияттың айнасы. Сахнада көрерменге жететін әр көрініс, әр ән, әр қозғалыс – тек орындаушылардың емес, артта адал еңбек ететін әр маманның еңбегі арқылы жүзеге асады. Сол еңбектің жарқын мысалы – Байгелдин Едіге Айтболатұлы.
Едіге 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келіп, бала кезінен өнерге деген ерекше құштарлығын танытқан. Ол үшін өнер – тек ойын-сауық емес, жан дүниесін тәрбиелейтін, адамгершілік пен ізгілікті бойына сіңіретін шынайы мектеп болды. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін ол Алматы қаласындағы Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, 2013 жылы «Ән салу» мамандығы бойынша алғашқы дипломын алды. Осы сәттен бастап Едіге үшін өнер жолы тек бастау ғана емес, өмірлік миссияға айналды.
2013–2018 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дыбыс режиссурасы мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, кәсіби шеберлігін тереңдетті. Бұл жылдар оның шығармашылық ойы мен техникалық қабілеттерін үйлестіріп, сахнадағы әр дыбыс пен әр қозғалыстың мәнін түсінуге мүмкіндік берді. 2015 жылы Республика Сарайында қызметке орналасып, өнерге деген адалдығын көрсетті. Ал 2016 жылдың 15 тамызынан бастап «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Сахнаны техникалық қамтамасыз ету» бөлімінде дыбыс режиссері ретінде қызмет ете бастады. Оның кәсібилігі мен адалдығы 2022 жылдан бастап бөлімнің басшысы болуына жол ашты.
Едігенің еңбегі – театрдың тірегі. Сахнадағы әр үн, әр қозғалыстың сапасы оның кәсіби шеберлігінің көрінісі. Он жыл бойы театрмен бірге өсу, өнерге сүйіспеншілікпен қызмет ету – адамдық пен ізгіліктің, білім мен шеберліктің үйлесімі іспеттес. Оның әрбір ісі – тек техникалық қызмет емес, сахнадағы шығармашылық атмосфераның, көрерменге жететін эмоционалдық әсердің кепілі.
«Алатау» театрының он жылдық мерейтойы – тек сахнадағы жетістіктерді ғана емес, сахна артындағы адал еңбекті де еске алатын мереке. Едіге сияқты өнерге қызмет еткен әрбір тұлға – бұл театрдың болашағын айқындайтын жарық сәуле, болмыстың сәнін кіргізетін алтын көпір.
Өнерге адал қызмет еткен тұлғалардың еңбегі арқасында, «Алатау» театры халыққа тек эстетикалық рақат қана сыйлап қоймай, рухани байлықтың алтын қазығын құруда. Алдағы он жылдарда да осындай адал еңбектің жемісімен театр жаңа биіктерге жететіні анық.
