06 там, 2025 сағат 09:25

Түркістанда халықаралық қолөнер көрмесі өтеді

Фото: ҚР ТСМ

Түркістан қаласында «Түркістан – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнер көрмесі өтеді. Іс-шара өңірдің мәдени-рухани орталығында салынып жатқан ірі туристік кластер – жаңа Қолөнер орталығының аумағында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Көрме қарсаңында Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Түркістанға жұмыс сапарымен барып, өңірдегі туристік инфрақұрылымның негізгі нысандарының бірі – Қолөнер орталығының құрылысымен танысты. Жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын жобада 25 сәулет нысаны қарастырылған. Атап айтқанда, қолөнер шеберханалары, көрме павильондары, қонақ үйлер, сауда және қоғамдық аймақтар бой көтеруде. Жоба толығымен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 5,5 миллиард теңге.

«Осындай нысандар ішкі туризмді дамыту мен креативті экономиканы қалыптастыруда стратегиялық маңызға ие. «Түркістан – қолөнершілер қаласы» көрмесі Қолөнер орталығы аумағында өтетін алғашқы ірі іс-шара болмақ. Көрменің мақсаты – еліміздің туристік әлеуетін арттыру, шығармашылық индустрияны қолдау, мәдени болмысымызды нығайту. Көрме туристік саланы дамыту жөніндегі ұлттық жоспар мен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам», – деді министрдің орынбасары.


Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, көрмеге Қазақстан мен шет мемлекеттерден 140-тан астам сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысады деп күтілуде. Келушілер бірегей бұйымдарды тамашалап, сатып алумен шектелмей, шеберлермен жүздесіп, дәстүрлі және заманауи қолөнер техникасымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар іс-шара аясында әуе шарлары шоуы, AVTOFEST автошеруі, ұлттық тағамдар ұсынылатын гастро-жәрмеңке, жүлделер ұтысы, сахналық ойындар және отандық танымал әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.