
Қазақстан Үкіметі пандемия кезінде ел экономикасы мен азаматтардың әл-ауқатын қолдау бойынша бірқатар шараларды қабылдады.
2020 жылы Қазақстан экономикасы қос соққыны бастан өткерді. Біріншісі - мұнай бағасының күрт төмендеуі және өндіріс көлемінің азаюы, екіншісі - коронавирус пандемиясының салдарынан локдаунның енгізілуіне байланысты болды.
Қазақстан, әлемнің барлық басқа елдері сияқты, пандемиядан болатын жағымсыз салдар аясында іскерлік белсенділіктің төмендеуін бастан кешірді. Ең көп зардапты қызмет көрсету саласы шекті, онда 6 айда төмендеу 5,6%-ды құрады.
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет пандемия кезінде елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі. Жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 5,9 трлн теңгені құрайды, оның 3,4 трлн теңгесі – республикалық бюджет есебінен, 2,5 трлн теңгесі – бюджеттен тыс қаражат есебінен.
Жұмыспен қамтудың Жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге қарастырылған, оның ішінде РБ қаражаты есебінен – 300 млрд теңге, бюджеттен тыс қаражат есебінен – 700 млрд теңге. Бұл қаражат өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Бизнеске бюджеттен тыс қаражаттың 1 трлн теңгесі қарастырылған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі берілді.
Мемлекет қосымша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін 390 млрд теңге (бюджеттен тыс қаражат) бөлді.
РБ салық кірістерінің шығынын өтеуге және мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,7 трлн теңге бөлінді.
Экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ және ірі бизнес үшін еңбекақы төлеу қоры бойынша салықтар мен алымдарды төлеуден босатуды ұсынуға байланысты шағын бизнестің шығындарын өтеуге 237 млрд теңге көзделген.
Сондай-ақ, мемлекет әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек) 10% - ға дейін қосымша индекстеуді, шәкіртақыларды арттыруды және жалпы сомасы 313 млрд теңгеге коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуді жүзеге асырды.
700 мыңға жуық кәсіпкер 1 трлн теңгеге жуық сомаға бюджетке төлеуден босатылды. 2020 жылдың 1 маусымына дейін ШОБ субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру енгізілді. Экономиканың ең осал секторларында жыл соңына дейін мүлік салығының мөлшерлемесі нөлденеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорт кезінде есепке алу әдісімен ҚҚС төлеу мүмкіндігі берілген, бұл нақты босатуды білдіреді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС ставкасы 2020 жылғы 1 қазанға дейін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.
Экономиканың неғұрлым зардап шеккен 29 секторында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша нөлдік мөлшерлемелер белгіленген. Бұл жеке табыс салығы және қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар.
Мамыр айында 4,5 млн қазақстандық төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан «42 500 теңге» төлемін алды. Тамыз айында карантин енгізілуіне байланысты 2,5 млн қазақстандық 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды.
Қазақстанның Ұлттық қоры «дағдарысқа қарсы бірқатар маңызды шараларды іске асыруға мүмкіндік бере отырып, қауіпсіздік жастығы ретінде жұмыс істеді». ТЖ кезеңінде Ұлттық қордан трансферт мөлшері 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. 2020 жылдың наурыз айының басында Ұлттық қорда 27 трлн теңге жинақталған.
Бүгінде 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. Ол 10 бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес шараларды қарастырады. Олар: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы және агроөнеркәсіп кешені, құрылыс саласы, азаматтық авиация, логистика, туризм, ШОБ және қызмет көрсету секторы, сондай-ақ әлеуметтік сала. Әрбір сала бойынша өзекті мәселелерді жедел шешу шаралары іске асырылуда. Кешенді жоспарды іске асыру үшін салықтық ынталандыруды қамтитын заңнамаға түзетулердің шұғыл топтамасы қабылданды.
