Фото: Kazgazeta.kz
Бүгін – Ұлттық басылым күні. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, оқушы қауымға жол тартты. «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн 2023 жылы «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді. Осы айтулы күнге орай, «Бұл мерекенің мән-маңызы неде?», «Бүгінгі газет-журналдың болашағы қандай?», «Қазір газет-журналды кімдер оқиды?» деген сауалдармен Ult.kz тілшісі бүгінгі басылымдарда қызмет ететін журналистерді сөзге тартты.
Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының ізін жалғаған басылым мамандарына сөз берсек:
Фото: Айгүл Аханбайқызының facebook парақшасынан
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі:
Газет ақпаратында – құн, мақаласында – салмақ бар
Айқара ашып тұрып оқитын газеттердің мақалаларын интернет сайттар мен алақандай смартфондар келіп ауыстырғысы келетін сыңай байқалғалы біз өмір сүріп отырған ғасырдың ақпараттық кеңістігінде дәстүрлі басылымдарға орын қалмағандай үрей туатыны рас. Рас, интернет басылымдардың ақпаратты қас пен көздің арасында жедел тарату, газет секілді жол санаған шектеулі ауқымда емес, қалаған көлеммен ұсыну, баспахана, қағаз, жылдық жазылым, пошта қызметімен тарату дегенді тіпті де қажет етпейтін артықшылықтары болуы мүмкін. Осынша үнем мен электронды қызметтің нығметі тұрғанда, шаш етектен шығынға батып, тасқа басылған газет-журнал шығару ісі ақылға сыймайтын болып көрінуі заңды да. «Газет өледі, өшеді» дегелі қай заман, мұндай жағдайда біз көбіне жүз жылдан аса тарихы бар батыстық, америкалық газеттерді мысалға алып, газет-журналдың өлмейтінін өзімізше дәлелдеп, көңіл демдейтін өзге де себебін тауып, жұбанып жатамыз.
«Жаңалықты кім бірінші жеткізеді» деп алөкпе болып рейтинг қуып, ертелі-кеш интернет жаңалықтарды жариялауда жарысқа түскендердің, арнайы қадағалап отыратындардың, тіпті әлеуметтік желілер бетіне жекелеген адамдардың көрген-білгенін табан астында таспалап жатқан әбжіл тірлігіне қарап тұрып, интернет басылымдар мен дәстүрлі ақпарат құралдарын еріксіз салыстыруға тура келеді, әрине. Жаңалықты елден бұрын жариялаймын деп жанығып жүргенде, жалған ақпаратқа, қате дерекке жол беріліп жататыны жиі байқалады. «Фейк ақпарат» оқушысын адастырады, қоғамда кереғар пікір туғызады, соңыра таратқан ақпаратын түзетеді, кейде терістеуіне тура келеді, тіпті сайт бетінен біржола алып тастап жатады, ал бұл интернет құралының беделін сөзсіз түсіреді.
Ал газет үшін сенім мен байыптылық басты орында тұрады. Ол бұрыннан солай, газеттің басты капиталы – оқырман сенімі, сондықтан ол сенімді дерек көзі саналады. Қазір қай газет болса да, жалаң сөзге жол бермей, әр материалын сол салада танымал болған салмақты, білікті сарапшылардың пікірімен дәйектеп, дәлелдеп беруге тырысады. Яғни, газет ақпаратында – құн, мақаласында – салмақ бар. Бір сөзбен айтқанда, сапа бар. Ақпарат тасқынының астында нөпір жаңалықты игере алмай, ол ертеңге жұтылып жатқанда, сапалы, салмақты сараптамалар тереңдігімен баспасөз тарихы бетінде таңбаланып қалып жатады. Газет-журналдардың электронды ақпарат құралдарынан басты артықшылығы да, айырмашылығы да осы деп білемін.
Фото: Дәуіржан Төлебаевтың facebook парақшасынан
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, «Ақиқат» журналының бас редакторы:
Ұлттық баспасөзін ұлықтаған ел мемлекеттік даму жолына терең бетбұрыс жасайды
Ұлттық баспасөзін ұлықтаған ел қашанда өз тарихына, мәдениетіне, мемлекеттік даму жолына терең бетбұрыс жасайды. Қазақстанда 2 ақпан күнінің Ұлттық баспасөз күні болып жариялануын Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлының бастамасымен дүниеге келген «Қазақ» газетіне құрмет көрсетуіміздің айшықты белгісі деуімізге болады. «Қазақ» газеті тарих қойнауына енсе де, оның сөзі, болмысы, пайым-парасаты кешегі, бүгінгі және келешектегі барша қазақ басылымдарының шамшырағындай болып, қызмет етіп тұра беретіні сөзсіз. Ал осы күнге орайластырылған Ұлттық баспасөз күні қазіргі заманғы баспасөзіміздің хәлі нешік, жағдайы қандай деген мәселе төңірегінде ой- пікір алмасуға жақсы себепкер деген ойдамын. Газет-журналдарға деген сұраныс, қажеттілік жыл санап азайып келе жатқан заманда ұлттық баспасөздің күн тәртібінде тұрған мәселелерін кешегі Алаш арыстарындай ұлттық деңгейге көтеріп, қажет болғанда халыққа үндеу тастап, төл басылымдарға деген қолдауды күшейтуіміз керек. Ұлттық баспасөзімізді ардақтап, құрметтеуді Алаш арыстарының заңды жолы деп танып, сол үденің биік деңгейінен қызмет етуге бар ерік-жігерімізді салуымыз керек. Әлбетте, біз баспа басылымдардың болашағына үлкен сеніммен қараймыз және соның жарқын болуына еңбек ете береміз.
Фото: Дина Имамбайдың facebook парақшасынан
Дина ИМАМБАЙ, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары:
Дәстүрлі басылымда – жауапкершілік зор
Ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газеті салған сара жолды жалғастырған газет-журналдар қазір де тиісті міндетін атқарып отыр. Жасанды интеллект заманы баспасөздің жүгін ауырлатпаса, жеңілдете қойған жоқ. Қазіргі газет-журналдар жүз жыл бұрынғы басылымдар секілді қоғамның ақпараттық қажеттілігін өтеумен қатар, танымдық, ағартушылық бағытты да жүргізіп келеді және сонысымен құнды. Қолындағы смартфонның арқасында әр адам ақпарат өндірушіге айналған уақытта дәстүрлі басылымдар оқырмансыз қалады деуге де негіз жоқ. Өйткені газет-журналдар жаңалықтарды жеткізуші ғана емес, құнды контентімен, салмақты сараптамасымен интернет-платформалардан мойыны оқ бойы озық. Цифрлы дәуірде де баспаханадан шыққан жаңа газетті қолымен ұстап отырып оқуды ұнататын, ақпараттың сенімділігі мен сапасына мән беретін ойлы оқырман табылары сөзсіз.
Тасқа басылған таңба – мәңгілікке қалатын дүние, қағаз бен қаламның жауапкершілігі зор. Дәстүрлі басылымдар осы жағынан ұтады және сұраныстан түспейді. Әсіресе қазіргі «жаға ұстататын» жалған жаңалық пен нәрсіз-мәнсіз мәтіндер нөпірінен шаршаған қауымды сапалы да салмақты сараптамамен сусындататын, дерек пен дәйекке негізделген терең талдаулар мен сарапшы пікіріне ұйытатын, қоғамдағы қордаланған мәселені көтеріп, ұлттың бары мен жоғын түгендейтін ұлттық басылымдар ертеңгі күні «шаң басқан архивтен табылу» үшін емес, ең алдымен бүгінгі мемлекетшілдік мүдде үшін жұмыс істеп отыр және істей береді.
Әлбетте, жаңа технологиялар заманы журналистерге жаңа талаптар қояды. Сондықтан соны үрдістер мен заманауи мүмкіндіктерді қалт жібермей, әлеуметтік желілерді ыңғайына қарай пайдаланған ләзім. Өзін-өзі ұдайы шыңдау, жетілдіру кез келген кәсіби маманның міндеті ғой. Ең бастысы, жазылған дүние жерде қалмай, көтерілген мәселелер шешімін табатындай пәрменге ие болса игі.
Фото: Қарагөз Серікқызының facebook парақшасынан
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы:
«Қазақтан» басталған құрмет
2 ақпан қазақ халқы үшін әу бастан қадірлі күн еді. Себебі, «Халықтың көзі, құлағы һәм үні» болуды мұрат еткен «Қазақ» газетінің алғашқы саны 2 ақпанда, 1913 жылы тасқа басылған болатын. Осынау күнді оқырман да есте тұтсын деп енді әр 2 ақпанды ұлттық басылым күні қылып құрметпен атап өтіп жүрміз.
Ендігіде «Қазақтың» жолын жалғауға ұмтылған ұлттық басылымдарды да осы атаулы күні құрметпен еске алып, онда қызмет еткен аға буынның да, қазіргі әріптестердің де еңбегін елге таныта түскеніміз жөн.
Яғни бұл күн «Дала уәлаятының газеті», «Түркістан уәлаятының газеті», «Қазақстан», «Айқап», «Шолпан», «Таң», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Ақ желкен», «Ұлан», «Жас Алаш», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс», «Арай», «Өркен», «Ана тілі», «Айқын», «Түркістан», «Жас қазақ» және басқа да басылымдардың жазғанын қайта ой елегінен өткізетін күн.
28 маусым – Журналистер күнінен айырмашылығы, бұл, негізінен ұлттық басылымның бары мен жоғын қайта ой елегінен өткізетін күн. Цифрлы дәуірге өтіп, БАҚ-тың таралымы мен жарық көруіне қатысты ұстанымдар өзгеріп жатқан уақытта ұлттық басылымдардың болашағы бұлыңғырлана бастағандай көрініп кететіні рас. Бірақ мәселеге тереңдей қарасақ ұлттық басылымдардың БАҚ-тағы орны ерекше. Себебі, бүгінгі газет пен журнал осы күнгінің ақпараты ғана емес, ертеңге қатталар тарихтың парағы іспетті. Өзге әріптестердің де жаңа замандағы медиадағы ерекше орны бар екенін мойындай отыра, баспа басылымдардың да осы саладағы өз рөлі мен орны бар екенін ұмытпасақ керек.
Қазіргі әлем баспаханадан шыққан газет пен журналдан түбегейлі бас тартқан емес. Тек баспа басылымдармен бір қатарда электронды, цифрлы медианы да шығару ісіне ден қойып отыр. Демек біз де сол бағыттан ауытқымаймыз. Яғни баспа басылымдарды шығарудан да, оқудан да ада-күде бас тартқымыз жоқ. Иә, газет-журнал оқитындардың қатары сирей түсер, бірақ бұл газет-журнал оқырманы мүлдем жойылады деген сөз емес. Әр саланың өз оқырманы, тыңдарманы, көрермені қалыптасып, сол саланы өсіп, өркендетпек. Ал «ұлттық басылым күні» сияқты атаулы күндерде өткенге көз жүгіртіп, тарихымызға бас иіп, басылымдардың болашағы туралы осы саланың мамандары пікірталқы өткізіп, ұсыныстарын айтып, әркім өзі қалам тербеп жүрген саласының бары мен жоғын таразылауы керек деп есептеймін. Ал бұл күні оқырманның ұлттық басылымдарға деген «Қазақ» газетінен басталған құрметін де естен шығарып алмағанымыз жөн.
Ақбота Мұсабекқызы
