Фото: видеодан скриншот
5–8 мамыр аралығында «Еуразия» Бірінші арнасында шытырман оқиғаларға толы, сегіз бөлімнен тұратын «Аллигатор» атты детектив жанрындағы телехикаяның премьерасы өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл телехикая — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан мен Ресейдің бірлесіп түсірген туындысы.
Сюжет нақты тарихи оқиғаларға негізделіп, архивтік материалдар, мемуарлар мен құпия құжаттардың деректері арқылы қайта жаңғыртылған.
Оқиға 1943 жылдың тамыз айында тылдағы Алматы қаласында өрбиді. Бұл кезеңде қалаға эвакуацияланған зауыттар майдан үшін қару-жарақ өндірумен айналысады. Алайда қаланың көлеңкелі тұстарында бандалар, диверсанттар мен үшінші Рейхтің агенттері әрекет етіп, Алматыны Кеңес Одағының қылмыстық астанасына айналдырады.
Басты кейіпкерлер қылмыспен күрес жүргізіп, оларға көмекке Мәскеуден тәжірибелі қарсы барлау офицері келеді. Олар бірігіп, диверсиялардың алдын алып, неміс тыңшысын әшкерелеу жолында ұйқысыз түндерді бастан өткереді.
«Аллигатор» — бандитизмге қарсы күресті баяндаумен қатар, эвакуацияланған жандарға барын бөлісіп, қамқорлық көрсеткен қазақ халқының қонақжай болмысын да әсерлі жеткізетін телетуынды.
Фильмде Қазақстан мен Ресей киносының жұлдыздары Ерболат Тоғызақов, Еркен Ғұбашев, Меруерт Өтекешева, Айдана Елемес және басқа да талантты актерлер ойнайды.