22 жел, 2020 сағат 09:00

Үш облыста ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары - Сапархан Омаров

2020 жылы суармалы жерлердегі егіс алаңы 1,4 млн гектарды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы вегетациялық кезең оңай болған жоқ, бұған оңтүстік облыстардағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су тапшылығына қатысты көптеген өтініштері дәлел бола алады. Үкімет қабылдаған шаралар және әкімдіктердің үйлесімді жұмысы арқасында егін жинау айтарлықтай шығынсыз өтті. Маңызды міндеттердің бірі - суармалы жерлерде суды ұтымды және үнемді пайдалану. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2020 жылы суармалы жерлердегі егіс алаңы 1,4 млн гектарды құрады», - деді министр. 

Оның айтуынша, 1,1 миллионнан астам гектар немесе 79% жер бетімен суару тәсілімен суарылады, 104 мың гектар - бұлар негізінен күріш алқаптары, яғни жаппай су жаю әдісімен суарылады. Ал егіс алаңының 200 мың гектарына немесе 13,5%-ына ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады. Бұл жерде Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары екенін атап өту керек. 

«Суармалы жерлердегі егіс алаңдарының құрылымына да тоқтала кеткен жөн. Статистика деректері бойынша қазіргі кезде суармалы жерлерде майлы, дәнді, азықтық, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш және қант қызылшасы өсіріледі. Көріп отырғанымыздай, негізгі үлес бидай мен арпа сияқты тәлімі дақылдарға, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдарға тиесілі. Министрлік пен облыс әкімдіктері арасында жасалған меморандумдар аясында суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ рентабельділігі жоғары балама дақылдардың (көкөніс-бақша, азықтық, майлы дақылдар) алаңдарын ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді С. Омаров. 

Оның сөзіне қарағанда, биыл мақта өсіру алаңы 126 мың гектарды құрады, бұл 2017 жылғы деңгейден (135 мың гектар) 8,6 мың гектарға аз. Күріш алаңы бойынша шамалы төмендеу байқалады, 2017 жылмен салыстырғанда 700 гектарға азайды. 

«Бұл жерде меморандумдардың көрсеткіштеріне қол жеткізілмеудің негізгі себебі меморандумның ұсынымдық сипатқа ие екендігін, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жатпайтындығын атап өткім келеді. Осы мәселені реттеу үшін Министрлік салалық «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру мәселесі бойынша келісім жасасу нормасын енгізу бөлігінде өзгерістер енгізді. Сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары бойынша индикативті көрсеткіштер енгізілді. Бұл облыс әкімдіктерінің меморандумдар көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жауапкершіліктерін арттыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ведомство басшысы.