21 ақп, 2024 сағат 09:33

Жасанды интеллект: жаңа кадрлар даярлау – жаңа мүмкіндіктер


Адам күші мен ақыл-ойын алмастыратын жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр. Цифрландыру процесі барлық салаға өзгерістер әкелетіні анық. Бүгінде білім беру, медицина саласынан бастап, қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігіне дейін жасанды интеллектті қолданып жатырмыз. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті экономикамызда кеңінен қолдануды, жасанды интеллект жобаларын жасап шығатын кадрларды даярлау мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Елімізде бұл сала бойынша мамандар даярлаудың жай-күйі қалай? Келешекте елге беретін игілігі қандай болмақ? Көптің көкейінде жүрген осы тақырып төңірегінде Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің қауымдастырылған профессоры, Ионосфера институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы Марат Нұртаспен сұхбаттасқан едік.

- Оқу орындарында ІТ мамандықтардың түрлері баршылық. Қазақстанда қандай мамандықтар дамып жатыр? Ең маңыздыларына тоқталып өтсек?

- ІТ мамандық түрлері көп, ең маңыздыларын теріп айтсақ, ең алғашқылары болып саналатын ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету. Сонымен қатар ІТ саласы мен жаратылыстану, математика, физика саласын байланыстырып тұратын – математикалық және компьютерлік модельдеу деген сияқты мамандықтар маңызды болып саналады. Осы мамандықтарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90% дан ешқашан кем болмаған деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі уақытпен байланыстырып айтсақ, заман талабына сай бүкіл әлемдік үрдісте деректер ғылымы, «data science» деген мамандық қатты дамып келе жатыр. Сонымен қатар, осы деректер негізінде жұмыс істейітін «artificial intelligence» яғни жасанды интеллект. Деректер ғылымын қорғау, қауіпсіздікке байланысты «cybersecurity» деген мамандық бар, киберқауіпсіздік деп аталады. Осы мамандықтар қазір қатты сұранысқа ие. Атап өткен мамандықтардың арасын байланыстырып тұратын жаңа мамандықтар да ашылып жатыр. Ол - «data science and cybersecurity» яғни деректер ғылымы және киберқауапсіздік деп аталады. Қазір осы мамандықтардың бәрі техникалық және IT ге қатысты жоғарғы оқу орындарында белгілі бір білім беру бағдарламасының аясында жаңа мамандық ретінде жаппай ашылып жатыр. Студенттер білім беру бағдарламасының аясында осы мамандықтарды талдап білім алады. Әзірге ІТ-университеттері тағы да айта кету керек, ІТ-мамандықтарын қоғам және мемелекет сұранысына қарай оқытады. Мысалы, техникалық қолданысына қарай, гуманитарлық немесе бизнес саласындағы  қолданысына байланысты мамандықтарды жыл сайын жаңартып, мемелекеттік және халықаралық аккредитациялардан өткізіп отырады. Мысалы, журналистика саласына байланысты IT мамандықтары да бар. Әртүрлі университеттің білім беру бағдарламаларында әрқалай болуы мүмкін. Мысалы, Алматыдағы ІТ университетінде «бизнес-журналистика», «цифрлы журналистика» деп аталатын мамандықтар бар. Бұған қазіргі заман талабына сай журналист немесе блогер т.б болам деген түлектер қызығуы мүмкін. Ал техникалық жағынан айтсақ, жоғары да атап өткен бұрыннан келе жатқан дәстүрлі мамандықтар әлі де құнды және жоғары сұраныстарға ие.

- Жоғары білім саласынан біраз хабардар болдық. Дегенмен бүгінде бағдарламалауға баулитын орталықтар өте көп. Осындай мектептердің жас ұрпаққа  пайдасы бар ма?  

- Елімізде бағдарламалауға баулитын орталықтар баршылық. Мұндай орталықтардың да жас ұрпаққа пайдасы зор. Жас балалардың ақпараттық технологияны тереңірек түсінуіне, мамандықты дұрыс таңдауына септігін тигізеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, Қазақстанда бағдарламалауға үйрететін орталықтар тек ірі қалаларда ғана бар. Шалғайдағы аудан, ауылдарға жетпей жатыр. Елді мекендерде көптеп ашулы керек деп санаймын. Неғұрлым көптеп ашылса, соғұрлым білімде сапа болады, бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды. Еліміз осындай қосымша орталықтардың бәскеге қабілеттілігінің арқасында ғана жетістіктерге жете алады. Өйткені ол жерде оқушыларды робототехникаға баулитын, бағдарламалаудың алғашқы негіздерін үйрететін мамандықтар бар. Осындай орталықтар біздің түлектердің алғашқы негізін қалап, студент болған кезде өздерінің жеке жобаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Оқушылар мектеп кезінен жобаларын, идеяларын жүзеге асыруды үйренеді. Ал студент кезде сол еңбектерін нақты өндіріске қосуға мүмкіндік алады. Қазір үлкен жетістікке жетіп жатқан ІТ мамандардың көбі өзінің негізгі стартаптарын оқушы, студент кезде бастағандар. Сонықтан бағдарламалауды үйрететін орталықтар бізге ауадай қажет.  

- Мемлекет ІТ мамандықтарға көбірек ден қоя бастады. Гранттар бөліп, бағдарламалар ашылуда. Техникалық және кәсіби білім беру туралы қандай ұсыныс-пікіріңіз бар? 

- Мемлекетіміз ІТ мамандықтарына баса назар аударып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр күзде Қазақстан халқына жасаған Жолдауында жасанды интеллектті барынша дамыту қажеттігін айтқан болатын. Жақында ғана экономика саласын цифрландыру тақырыбын көтерді. Шынында да бізде бірнеше жылдың ішінде қаржы технологиясы қатты дамыды. Мемлекет қазіргі уақытта ауыл-қала демей барлық орта мектептерді компьютермен, интернетпен толық қамтамасыз етіп отыр. Қолдағы телефонның өзіне үздіксіз енгізіліп жатқан өзгерістердің өзі осы айти мамандықтарына көңіл бөлу қажеттілігін білдіреді. Ең бастысы, біздің жастарымыздың потенциалы. Олардың критикалық ойлау қабілеттеріне, математикалық белсенділіктеріне, логикалық алғырлықтарына көп нәрсе байланысты. Жас ұрпақтың осы қабілеттерін дұрыс бағыттай алсақ, білікті мамандарды дайындауға болатынан мемлекет өзі түсініп отыр. Сондықтан осы мамандықтарға көп көңіл бөлініп жатыр. Қазір бізде IT мамандығына байланысты нақты сұраныс қалай? Қай жаққа қандай түрі қажет екенін білу үшін талдаулар жасау керек. Қай салаға IT маманы қажет екендігіне анализ жасап барып гранттар бөлген абзал. Тағы айта кететін жайт, студенттердің бейімділігіне қарау керек. Себебі IT мамандығын оқып бітіргенмен жұмыс істей алмайтындар да жиі кездеседі. Нақты қабілеті бар студенттерге ғана грант бөлген дұрыс. Ертең қолында дипломы бар, бірақ жұмысын істей алмайтын, саны бар, сапасы жоқ мамандар бізге керек емес. Ең қажетті деген кадрларды даярлаған жағдайда ғана қоғамның қажеттілігін өтеуге болады. Бізде техникалық мамандықты оқисың, бірақ оны қай жерде қолданасың деген мәселе бар. Қазақстанда техникалық жақсы оқу орындары бар. Менің айтатын ұсынысым, елімізде Ғылым академиясына қарайтын немесе жекеменшік болып ашылған зерттеу интитуттары бар, бірақ ол жерлерде маман тапшы. Мен өзім «Ионосфера» зерттеу институтында қосымша жұмыс істеймін. Бұл мекеме спутниктік бақылаулар арқылы жердегі, ауадағы болып жатқан құбылыстарды зерттейді. Мен сол жерде мамандар тапшылығын байқадым. Халық мұндай  институттардың бар екендігін көбіне біле бермейді. Неге? Себебі біздегі университет мен институттардың арасында байланыс өте әлсіз. Институттар өз алдына зерттеу жүргізе береді, университет өз алдына бөлек отыр. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін байланысты жандандыру керек. Мысалы, IT мамандығын алып қарасақ, оны пәнаралық мамандық деуге болады. IT-ді медицинада, техникада, гуманитарлық салада қолданамыз. Сол арқылы біз сол институттарға қажетті кадрларды дайындап беріп отырумыз керек. Мысалы, Алматыда  Физиология және генетика институты бар. Оларда биоинформатика деген мамандық бар, бірақ ол жеткіліксіз. Біз өз түлектерімізді сонда апарып зертхана ашып, Физиология және генетика институтындағы жылдар бойы жиналған деректерді қолдану арқылы жасанды интеллектті енгізсек болады. Бірақ оны істейтін бізде байланыс жоқ. Медициналық институттар бар, сол жерлерде қаншама деректер бар, мысалы компьютерлік томографияға қатысты деректер. Сондай деректерді біз ала алмаймыз, бізге бермейді, себебі бізбен байланыс, ортақ меморандум жоқ. Өз ұсынысымызбен бару үшін бізде деректер болуы тиіс, бірақ жоғарғы оқу орындарында деректер жоқ. Сондықтан институттар мен университеттер арасындағы байланысты тереңдету керек деп ойлаймын. Өзім қазір Ионосфера институтымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмын. Алғашқы түлектерімізді жіберіп, IT бағыты бойынша өз лабораториямызды ашып, сол жердегі деректер мен ғарыштан алған фотосуреттерді өңдеп, жасанды интеллект арқылы түрлі болжамдарды жасап жатырмыз. Осы арқылы мемлекеттік гранттық жобаларды жүзеге асыруға үлес қосудамыз. Екінші жобам - Алматыдағы  Физиология және генетика институтымен бірлесіп, IT бағыты бойынша қатерлі ісік ауруларын зерттейтін лаборатория ашу. Қазақстандағы IT институттар барлық институттармен, банктермен тығыз байланыс жасағаны абзал. Клиенттердің деректерін маскировать ету арқылы жұмыс жасауға болады. Сонда ғана студенттер нақты деректермен диплом жұмыстарын жазып шығады. Студенттердің дипломдық жұмыстары диплом дәрежесінде ғана қалмауы керек, ол жалғасын табатын нақты жоба болуы тиіс. Сонда ғана дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ маман деген проблема болмайды. IT мамандықтарын интеграциялау керек.  

- Бүгінде бүкіл әлем жасанды интеллектті дамыту керек деп жанталасып жатыр. Сіздің ойыңызша, жасанды интеллекттің адами құндылықтарға, еңбек нарығына қандай әсері болады?

- Жасанды интеллект (ЖИ) технологиясының дамуы дәлірек айтсақ, соңғы он жылдықта әртүрлі салалардың барлығында, атап айтсақ соның ішінде білім беру саласы, өндірістен бастап, медицинаға және қаржыға дейінгі секторлардың барлығында үлкен өзгерістер әкеліп үлгерді. Жасанды интеллектің адами құндылықтарға және еңбек нарығына әсері күрделі және көп жақты болып табылады. Оны екі ауыз сөзбен жеткізу оңай шаруа емес. Дегенмен қысқаша екі ауыз сөзбен тоқтала кетсек. 

Адами құндылықтарға әсерін үлкен екі топқа бөліп қарастыруға болады: 

1. Қолдау және көмек: ЖИ қарым-қатынас және қолдау қызметтерін жақсартуға көмектеседі, мысалы, психологиялық көмек беруші боттар арқылы, бұл адамдардың өзін-өзі түсінуіне және әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Көмек ретінде күрделі ұғымдар мен мәселелерді оңтайландыру мақсатында жан-жақты талдаулар жасай алады және сіз үшін тиісті шешім қабылдау мүмкіндіктері бар. 

2. Этикалық мәселелер: ЖИ қолданысы этикалық мәселелерді туындатады, соның ішінде құпиялылық, деректерді қорғау және шешім қабылдаудағы әділдік. Бұл адами құндылықтарға қатысты терең ойлануды қажет етеді. Дәл осы этикалық мәселеге қатысты ұстанымда ЖИ болашағына деген үлкен алаңдаушылық басым. Мысалы, киберқаупсіздік мәселелері бойынша оның ішінде жасанды вирустарды қысқа ғана уақыт ішінде жасап, бүкіл жүйеге, тіпті мемелекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіретін ауыр зардаптары жайлы атап айтқан жөн. Сол үшін қазір әлемде ғалымдар мен саяси элиталар осы қауіпсіздік жағын жылдам заңдастыруды қарастыру үстінде. 

Еңбек нарығына әсерін де қысқаша үш үлкен топқа бөлуге болады:

1. Автоматтандыру және жұмыс орындары: ЖИ қолданысы кейбір жұмыс орындарының автоматтандырылуына әкеледі, бұл белгілі бір салаларда жұмыс орындарының азаюына әкеп соқтыруы мүмкін. Алайда, бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да ықпал етеді, әсіресе ЖИ және басқа да технологиялық салаларда кейбір жұмыскерлердің жұмыс істеу барысын жеңілдетіп, өнімділікті барынша арттыруға деген мүмкіндігі зор. Соның салдарынан жұмысшылардың қызметіне деген белсенділігі мен уақыт үнемдеу және тағы басқа да істерінде орасан зор серпілістер әкелуі мүмкін.

2. Білім беру және даярлық: Еңбек нарығындағы өзгерістер адамдарды ЖИ және робототехника сияқты жаңа технологияларды басқару және пайдалану үшін қажетті дағдыларды игеруге итермелейді. Бұл білім беру жүйесінде тың өзгерістерді талап етеді, оқу бағдарламаларын ЖИ талабына қарай жаңарту және технологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталады.

3. Әлеуметтік әділдік: ЖИ әлеуметтік әділдік мәселелеріне де қатты әсер етеді, мысалы, жұмыс орындарының теңсіз бөлінуі және кейбір топтардың технологиялық өзгерістерден шеттетілуі. Бұл мәселелерді шешу үшін қоғамдық саясат және мемелекеттік бір тұтас реттеу шаралары қажет.

Жалпы алғанда, ЖИ-тің әсері күрделі және көп қырлы. Оның оң және теріс әсерлерін теңестіру үшін қоғамның, үкіметтердің және жеке сектордың бірлескен күш-жігері қажет. Әрі қарай даму үшін ЖИ-тің қолданысын этикалық және әлеуметтік жауапкершілікпен басқару маңызды және солай болу керек. Әйтпегенде оның пайдасымен қатар үлкен қиындықтар әкелетін есте ұстағанымыз жөн.

 - Қазақстанда жасанды интеллектті қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер жасалмақ. Президент Тоқаев Digital Nomad Residency бағдарламасын іске қосу керектігін, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажеттігін айтқан болатын. Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін де атап өтті. Осыған байланысты пікіріңіз? 

- Президентіміздің үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан бастамалары мен ұсыныстарын толығымен оқып шықтым. Ең бірінші рет-ретімен тоқтала кетсек, маған құлағыма жылы тигені, - елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет дегені болды. Неге олай дейсіз ғой өзіміз ойлайықшы, әлемде көптеген елдердің өзіне ғана тән мақтанып айтарлық жеке дара жетістіктері мен брендтері бар. Ол елді әлем солай мойындайды. Мысалы алыстағы Америка мен Еуропаны айтпағанда Азиядағы жапондар мен корейлер электорника және машина жасау бойынша атағы аспандап тұр. Әрине оларда барлық салада жетістік бар, бірақ әлем оларды осыған дейін көбінде осы салалар жағынан мойындайтын еді. Қытай мен Үндістанның басқа қырларын қоспағанда тек цифрлық технологиялар саласы бойынша әлем оларды ең көп программистер шығатын елдер деп таниды. Міне, бұл сәт біздің өз ұлттық ерекшелігімізді қалыптастыратын кезеңде тұр және ЖИ саласының осыған орайы келіп тұр. Президентіміз айтқандай Қазақстанның бұл салада "цифрлық көшпенділердің ордасына" айналуға зор мүмкіндігі бар. Неге десеңіз Қазақстанда жаратылыстану, математика саласы бойынша мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да тіпті ғылымда да жақсы дамығанын көбіміз білеміз.  Мектеп оқушыларының халқаралық дәрежедегі олимпиадалардан алған орындары бұған басты дәлел бола алады. Ғылымда, ЖОО-да, педагогика саласында жүрген ғалымдарымыздың әлемдік дәрежедегі Scopus және Web of Science деректер базасындағы ғылми мақалаларының санының көптігін, жоғары сапалы екендігін өзге елдер мойындап отыр. Тоқырау жылдарында техниканың ескіруі, тәжірибе жасайтын құрал-саймандардың тозуы сынды олқылықтар Жи саласының дамуына кедергі болғаны да рас.  Дәл сол кезде ақ қағаз бен қара сияны құрал етекен математика саласында, тіпті кейбір мамандар күнкөріс үшін басқа салаларға кетсе де ойында жүрген ғылымын жоғалтып алмады. Көбісі өздерінің жылы орны зерттеу институттарына немесе университеттерге қайтып оралып отырды. Бұл ЖИ-тің негізі бізде бұрыннан бар екенінің айқын дәлелі. Біз нано технология сияқты ұзақ жылдық тәжірибені талап ететін саладан алшақтап қалған шығармыз, дегенмен де ЖИ саласына біздің шамамыз толық жетеді деп ойлаймын. Тек дұрыс бағыттап, математика, информатика сияқты пәндер арқылы шыңдап отырумыз керек. Ең бастысы дайын мамандарды жоғалтып алмай оларды қолдау керек.  Олай дейтінім, Қазақстанда ЖИ дами бастаған алғашқы жылдары көптеген талантты жастарымыз дұрыс орын таппай, мүмкіндіктерін толық аша алмай шетел асып кетті. Президент Тоқаевтың Digital Nomad Residency бағдарламасын толық іске қосу үшін және Қазақстанда жасанды интеллектті қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер құру жөніндегі бастамаларын шын мәнінде жүзеге асырудың жолдарының бірі - сол суперкомпьютерді меңгеріп, қолданысқа жарата алатын мамандардың саны мен сапасы. Бұл Қазақстанның цифрлық экономиканы дамыту және глобалды технологиялық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадамдары болып табылады. 

- ЖИ арқылы біз экономикамызды қарқынды түрде дамыта аламыз ба? 

- Жасанды интеллект технологияларының экономикаға қосылуы жаңа мүмкіндіктерді ашты және бұрын болмаған өнімділікті арттырды деуге негіз бар. Оның айқын көрінісі - ЖИ қолданысының кеңеюі. Яғни бұл экономиканың дамуына қатты ықпал ете бастады. Олар: инновация және өнімділік. Жұмыс орындарының жаңа түрлері. Ғылыми-зерттеу жұмыстары. Мысалы, мұндағы айтылып жатқан суперкомпьютерлер ғылыми зерттеулердің жылдамдығын және сапасын арттыруға, сонымен қатар күрделі мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі әрине экономикаға оң жағынан әсер етеді. 

- Жасанды интеллекттің Қазақстандағы даму қарқынына қандай баға берер едіңіз? Бұл салада елімізде қандай өзгерістер бар? 

- Жасанды интеллекттің әлемдегі даму қарқынына көз жүргіртсек, алдымен әлемдік тарихтан бастау керек. 1940-50 жылдары алғашқы терминдер пайда бола бастады. Сосын 1990 жылға дейін біраз тоқырау жылдар болған. 2000 жылдары әлемді қаржыландырудың арқасында жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа қолданыстар тапқан. Жалпы, әлемде жасанды интелектті озық, дамыған елдерді 2000 жылдардан бастап, 2016 жылға дейінгі 16 жылдық прогресті айтуға болады, ол жасанды интелектінің даму және өндіріске қосылу кезеңінің алғашқы сатысы. 2016 жылдан бері қазіргі уақытқа дейін әлемде ЖИ-ті барлық өндірісте, экономикада бизнес, банк саласында қатты қолданып жатыр. Ал біздің елімізде, ЖИ-ке қатысты алғашқы IT компаниялар 2017 жылдары ашыла бастады. Сонымен қатар бізде пандемия кезінде ЖИ қарқынды дамыды. Сол кезде біздің Үкіметтің цифрлық платформаларды дамыту  барысында көптеген жасанды интеллектінің элементтерін, солардың модельдерін солардың жаңа қолданыстарын енгізу арқылы жасанды интеллектіні белсенді түрде пайдалана бастады. Сондықтан Қазақстанда соңғы 6-7 жылда ЖИ қарқынды дами бастады деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе банктер бұл жағынан озып кетті. Кредит алу процесін біршама оңтайландырғаны рас. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын кредит алу үшін қаншама уақыт кететін еді. Қазір өздеріңіз білесіз,  тез арада 1-2 минутқа жетпейтін уақытта шешім қабылдап береді. Содан кейін аграрлық компаниялар, денсаулық сақтау саласы қазір белсенді қолданады. Ғылым саласында да ЖИ пайдалану бар, бірақ нақты практикалық нәтижелерін енді көрстіп жатыр. Себебі, бізде жоғары оқу орындары мен ЖИ арасында тығыз байланыс жоқ. Студенттер университетте білім алады, бірақ соны практика жүзінде іске асыру жағы кемшін. ІТ мамандарды белгілі бір компанияларда, бизнес орталықтарында немесе Үкіметтің тапсырмасымен арнайы платформалары жасауға ғана пайдаланады. Себебі бізде жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс жоқ. Осы жайттарды ескере келе біз ЖИ кадрларын даярлау ісіндегі кемшін тұстарды барынша жоюымыз керек. Сонда ғана сапалы мамандар қатары артады. 
Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Меруерт Төленова